Әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады

Облыс әкімі іссапар аясында ауданымыздағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысымен танысу мақсатында бірқатар нысанның құрылыс алаңында болып, жұмыс қарқыны мен сапасын тексерді.

                                             

 

Осы орайда  облыс басшысы ең алдымен құрылысы жүріп жатқан 45-75 шақырым учаскедегі «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск» автожолының жұмыс жоспарын көрді.  Онда ені 7 метр, қызмет ету мерзімі кемінде 15 жыл болатын автожол салынуда. Оған қоса Бадамша ауылына іргелес жердегі екі жолақты жол 9 метрге дейін кеңейеді. Жауапты мердігердің бірінші санаттағы лицензиясы мен он жылдық жол салу тәжірибесі бар. Келісімшарт бойынша кепілдік мерзімі-3 жыл. Жаңа жолдың 30 км құны 5,9 млрд теңгені құрайды. Ал құрылыс 2024 жылдың тамызында аяқталады деп күтілуде.

Осылайша, сапар барысында  облыс әкімі  Велихох ауылындағы  «Велихов» ЖШС-ге тиесілі астық қоймасымен танысты. Аталмыш  ЖШС-нің  басшысы Сергей Пашкевич өзінің техникасы мен әлі жиналмаған астық алқаптарын көрсетті.

-Біздің егістіктеріміз жоғары өнімділікке ие, бірақ ауылда газ және сумен жабдықтау жоқ. Сондықтан адамдарды ауылға жұмысқа тарту өте қиын. Қазір ауылда 600-дай адам тұрады. Осы біздің ауылымыздан сегіз шақырымдай жерде газ бар. Бізге жұмысқа келу үшін олардың жанар- жағармайын төлеуімізге тура келеді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ұйымдастырғымыз келеді, бірақ коммуникациясыз бұл мүмкін емес. Тіпті күнделікті өмірде қолданатын газ балонды жеткізудің өзі тұрғындар үшін өте қиын екенін жеткізді,- шаруашылық иесі Сергей Пашкевич.

Осы орайда облыс басшысы Асхат Шахаров газ бен суға қатысты мәселені бірден шешілетіндігіне уәде бермеді. Дегенмен де, тұғындарды мазалайтын мәселелердің өз ретімен шешімін табу мақсатында  жұмыстанатынын айтты. Сапар барысы Степной ауылындағы «Степное» ЖШС-нің ет және макарон өнімдерін шығаратын цехта жалғасты.

Одан соң Бадамша ауылдық округінде әкім облыстағы алғашқы жел-электр станциясын визуалды қарап және «ТАС ПРОМ ТРЕЙД» ЖШС қиыршық тас өндіру кәсіпорнына барды.

Сондай-ақ, облыс басшысы Бадамша ауылында азаматтарды қабылдады, онда ақсақалдар ауылды одан әрі дамыту, қалаішілік жолдар мен елді мекенді облыс орталығымен байланыстыратын трассаны жөндеу тақырыптарын көтерді. Асхат Шахаров «Бадамша-Ақтөбе» жолын жөндеуді қаржыландыру көзделгенін, келесі жылы жұмыстар аяқталуға тиіс екенін атап өтті. Ауылішілік жолдарды жөндеу мәселесі де қарастырылуда.

Асхат Шахаров проблемалық нысандарға, соның ішінде Бадамша ауылындағы Өнер мектебінің жаңа ғимаратына ерекше назар аударды. Бұл нысанның құрылысы 2017 жылы басталған, бірақ құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық құжаттаманы түзету қажеттігі туды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2023 жылдың мамыр айында ғана алынды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Айта кететін жайт, облыс әкімі жоба қатаң бақылауда екенін айтты және ғимарат келесі жылы пайдалануға беріледі деп сендірді. Көктемде аумақты абаттандыру және көгалдандыру бойынша іс-шаралар өткізіледі.

Сонымен қатар, ауылдағы  құрылысы ұзаққа созылған тағы бір нысан — спорттық-сауықтыру кешені, оның құрылысы 2018 жылы басталған. Нысанның жобалық құжаттамасы қайта түзетілген, ғимарат ағымдағы жылдың сәуір айында пайдалануға берілуі тиіс еді.  Алайда, нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарының кестеге сәйкес жүргізілмегенінің нәтижесінде сот мердігер ұйымнан мемлекет пайдасына айыппұл өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Осылайша, өңір басшысының біздің ауданымызға бағытталған  сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі аудан басшысына, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға ауданның туристік әлеуетін одан әрі дамыту мен іске асыру, басталған жобаларды аяқтау және ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

 Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.