СПОРТ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Өткен аптада Бадамша балалар жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен «КСРО спорт шебері», спорт ардагері, ауданымыздың құрметті ақсақалы Сүлеймен Омаровтың есіміне арналған облыстық деңгейде  ашық біріншілік өтті.

Спорттық шараға облыстан арнайы келген қонақтар мен  аудан ардагерлері, спорт саласының мамандары қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев пен облыстық денешынықтыру және спорт салалық ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтығали Шоқаев спорттық шараның ашылуымен құттықтап, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан  «КСРО спорт шебері» атағына ие болып, спорт саласына өзіндік із қалдырған өлкемізге белгілі тұлға, қадірлі азамат Сүлеймен Омаровтың еңбегіне тоқталып,  сондай-ақ, қоғамдағы спорттың маңыздылығы жайында айта келе, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

Шараның басты мақсаты – балалар жасөспірімдер арасында спорт және дене тәрбиесін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесін күшейту, балаларды тұрақты түрде спортпен шұғылдануға баулу.

Облыстық ашық турнирге Ақтөбе қаласы мен Мәртөк, Ойыл, Хромтау және де біздің ауданымыздың командалары қатысты. Жалпы саны 100-ден аса спортшылар өзара білек сынасты. Осылайша, тартысқа толы турнирде 12 салмақ дәрежесі бойынша күрескен палуандар арасында оза шапқандары ұйымдастырушылар тарапынан медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

Шара соңында ауданымыздың спорт саласына өлшеусіз үлес қосқан ардагеріміз Сүлеймен Омаров көрсетілген құрметке өзінің ризашылығын білдіріп, ауданымыздың атын облыс, республика, әлемдік деңгейде танытар спортшыларымыздың көп болуына тілектестігін жеткізді.

Расында, бар ғұмырын бір саланы өркендетуге арнап, ерен еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Бұндай азаматтар біздің ауданымызда да жетерлік. Солардың бірегейі ретінде ауданымыздың спорт саласына сүбелі үлес қосқан Сүлеймен Омаров ағамыздың еңбегі зор. Ол өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен құрметінің арқасында көптеген жетістіктерді бағындырып, саналы ғұмырын салауатты өмір салтын насихаттауға арнап келе жатырған ардагер спортшы.

Атап айтар болсақ, спорт ардагері еркін күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 1973 жылы Бүкілодақтық турнирдің жүлдегері, 1968 жылғы Қазақстан Спартакиадасының қатысушысы, Днепропетровск қаласындағы ауылшаруашылық жоғары оқу орындары арасындағы аймақтық жарыстың чемпионы, Алма-атада өткен Орта Азия-Қазақстандық аймақтық турнирдің қатысушысы және де 1973 жылы еркін күрестен «КСРО спорт шебері» атағына ие болған.

Ендеше, қандай жағдай болса да асып-таспайтын қарапайым жанның еңбегін елеп, оған қандай құрмет көрсетсек те артық емес.

Қарғалы-АҚПАРАТ