МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ

Денсаулық — адам өміріндегі ең маңызды құндылық. Ал Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) — бұл халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі.

Айта кететін болсақ, жалпы 2017 жылы елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлеміне жарна аудару басталғаны баршаңызға  белгілі. Дегенмен, МӘМС-тің өзі 2020 жылы ғана іске қосылған болатын.  Содан бері бұл жүйе жайында сала мамандары мұның өз кезегінде медициналық көмек көрсетуді жақсартуға мүмкіндік беретінін айтса, алайда қарапайым халыққа түсініксіз жайттар өте көп. Бүгінгі күні МӘМС жүйесі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Бізде ауданымыздағы МӘМС жүйесінің жүзеге асырылуымен оның ерекшеліктері, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер МӘМС жүйесіне жарнаны қалай төлейді? Қанша жеке кәсіпкер  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлем жасайды? Олар өз қызметкерлері үшін қандай көлемде аударым жасайды және жеңілдік санатына кіретін жұмыскерлер үшін төлем жасай ма? Жеке кәсіпкерлердің осы және өзге де жиі қойылатын сұрақтарына аудандық аурухана басшысының ұйымдастырушылық- әдістемелік жұмысы бойынша орынбасары Жазира Сексенбаевамен сұхбаттасқан едік.

-Жазира Қайратқызы, жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға өз пайдасы  үшін қанша төлем төлейді?

-Сұрағыңыз орынды. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар басқа да әлеуметтік аударымдармен қатар міндетті медициналық сақтандыруға белгіленген жарналарды төлейді. 2024 жылы осы санаттағы төлеушілер үшін жарналардың мөлшері ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе ай сайын 5 950 теңгені құрады. (85 000 * 1,4) * 5% = 5 950 теңге.

-Сонда бір мезгілде жалдамалы қызметкер болып табылатын жеке кәсіпкер медициналық сақтандыруға жарна төлей ме?

-Иә, бұл жағдайда «МӘМС туралы» Заңның 28-бабының 3 және 5-тармақтарына сәйкес төлеуші өзінің жалақысының 2%-ын жалдамалы қызметкер ретінде және ЕТЖ-нің 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын жеке кәсіпкер ретінде 5 950 теңге төлейді. Жеке кәсіпкер қызметі тоқтатылған жағдайда, ҚР Салық заңнамасына сәйкес, МӘМС жарналарын кәсіпкер ретінде төлемеуі тиіс.

-Мәселен, жұмыс істемейтін жүкті әйелдің тіркелген жеке кәсібі бар. Ол жеңілдік санатына кірсе, жарна төлеуі керек пе?

Мемлекет жұмыс істемейтін тұлғалар үшін жарналар төлейді. Егер жүкті әйел жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, тиісті төлемдері жүргізілетіндіктен жұмыс істейтіндер қатарына кіреді. Яғни жеңілдік санатынан шығып қалады. Сақтандырылған мәртебесін сақтау үшін жеке кәсібі үшін МӘМС жарналарын төлеу қажет.

Олай болса жеке кәсіпкер жеңілдік санатына кіретін болса, МӘМС үшін ақы төлеу қажет пе?

Жеке кәсіпкер өзі немесе оның жалдамалы қызметкерлері келесі санаттарда болған жағдайда жарналар мен аударымдарды төлемейді:  Олар: балалар (18 жасқа дейінгі); зейнет ақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері; «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар; мүгедектер; орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар.

Декреттік демалыстағы әйел жеке кәсіпкер болса, МӘМС үшін төлем жасауы керек пе?

Егер әйел жеке кәсіпкер болса, онда ол өзі үшін 5 950 теңге мөлшерінде белгіленген жарнаны төлейді. Бұл санаттағы әйелдер жеңілдік санатына кәсіпкерлік немесе еңбек қызметін жүзеге асырмайтын, табысы жоқ кезде кіреді. Егер жеке кәсіпкер жұмыс жасамаса (кірісі болмаса), онда салық органдарында кәсіпкерлігін тоқтата тұру үшін тиісті рәсімдерді жүргізу қажет.

Егер жеке кәсіпкер зейнеткер немесе мүгедек болса, ол медициналық сақтандыру үшін жарна төлеуі керек пе?

Жоқ. Мүгедектігі бар адамдар МӘМС жарналарын төлеуден толық босатылған азаматтардың жеңілдік санатына жатады, оның ішінде жеке кәсіпкер ретінде де. Сондай-ақ, Қазақстандағы қордан зейнетақы алушылар да МӘМС жарналарын төлеуден босатылды.

-Тағы бір маңызды сауалдардың бірін сұрағым келеді. МӘМС үшін қате төленген жарналарды қалай қайтаруға болады?

Қате рәсімделген (мысалы, басқа кезең көрсетілген) төлемдерді қайтару үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ белгіленген нысан бойынша өтініш жазу қажет және төлемді растайтын құжаттарды қоса ұсыну қажет. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация» Ақтөбе қаласындағы мекен жайы, Алтынсарин көшесі, 31 орналасқан.

МӘМС-ке қате төленген соманы басқа кезеңдерге қайта бөлуге болама?

МӘМС-ке төленген төлемдерді басқа кезеңдерге қайта бөлуге болмайды, тек кері қайтаруға болады. Кейін керек кезең үшін төлем жасауға болады.

Жеке кәсіпкерге МӘМС жарналарын төлемегені үшін өсімпұл салына ма?

Иә. Төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Өсімпұлды болдырмау үшін жалдамалы қызметкерлері болса, жарналар мен аударымдарды уақтылы төлеу қажет. Есепті кезеңнен кешіктірмей, яғни кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25 күнінен кешіктірмеу керек.

МӘМС жарналарын немесе аударымдарын төлеу кезінде жеке кәсіпкер нені есте сақтауы қажет?

Қаражаттың қайтарылмауы үшін алушының ЖСН мен аты-жөнін дұрыс көрсету керек. Сондай-ақ, міндетті түрде медициналық сақтандыруға төлемдердің қабылдануын 2-3 жұмыс күн ішінде тексеру қажет. Егер төлем қайтарылған болса, онда дұрыс ақпаратты көрсете отырып, төлемді қайта жүргізу қажет; Есепті кезеңнен кешіктірмей салық органдарына есептілікті дайындау және тапсыру керек; Өз жұмыскерлерін МӘМС төлемінің аударылғаны туралы хабардар ету керек.

-Әңгімеңізге рахмет!

Тағы бір айта кететін жайт, ауданымыз бойынша бүгінгі күнге 1218 жеке кәсіпкер тіркелген. Жеке кәсіпкерлерге МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалады. Бірақ базалық есептік көрсеткіштің – ең төменгі жалақының (ЕТЖ) – жаңа мөлшерлерінің бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгереді. (2024 жылы ең төменгі жалақы ЕТЖ – 85 000 теңге).

Оған қоса сіздер үшін fms.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot жұмыс істейді. Дәл осы құралдар сақтандырылу мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ электрондық үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге мүмкіндік бар.

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ