ТҰРҒЫНДАР ҚАУІПСІЗДІГІ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ
19 қазан-Құтқарушылар күні
1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді. Міне, осындай мемлекеттік маңызы бар қызмет жүйесін жасау үшін 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Осы құжат негізінде 19 қазан — Құтқарушылар күні болып белгіленді.
Төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қауіпті қызмет кез келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсайды. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Бүгінде құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне қауіпті болып келеді. Дегенмен олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.
Қандай қайғылы, қасіретті оқиға болмасын, бар күш-жігерін салып құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген Құтқарушылардың еңбектері орасан зор. Осындай жауапкершілігі мол, қиын да қауіпті салада жүрген ауданның төтенше жағдай қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.
Мереке қарсаңында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Аслан Каркуловпен хабарласып, азаматтық қорғау қызметінің қыр-сырын, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін жасалып жатқан жұмыстар жайында әңгімелескен едік.
— Төтенше жағдай бөлімінде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің күнделікті өмірі ерлікпен тең. Олай болса, төтенше жағдай қызметкерлерінің құзыретіне не кіреді?
-Иә, расында бұл сала өте қауіпті де жауапкершілікті талап етеді. Табиғи апаттар, төтенше жағдайлар кез келген сәтте орын алуы мүмкін. Осындай кезде әлемдегі құтқарушылардың рөлі маңызды бола түседі. Олар адам өмірі мен мүлкін қорғап, қауіппен күресуде бірінші тұратын мамандар. Құтқарушылардың міндеттері нақты жағдайға байланысты өзгереді, бірақ олардың негізгі мақсаты әрқашан өзгеріссіз қалады. Бұл — халықты құтқару және қорғау. Ол үшін мына 7 әрекеттің маңызы зор. Жылдам әрекет ету және жағдайды бағалау, эвакуация және құтқару, алғашқы көмек, өрт сөндіру және техникалық құтқару, іздеу және құтқару, психологиялық қолдау, оқыту және алдын алу.
— Бөлімде және бөлімге қарасты мекемеде қанша қызметкер жұмыс істейді?
— Еліміздің әр өңіріндегі департаменттерде төтенше жағдайлар бөлімдері, жедел құтқару жасақтары, өрт сөндіру бөлімдері, өрт сөндіру бекеттері, апаттық медицина және судан құтқару қызметі секілді құрылымдары бар. Соның ішінде – Қарғалы аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі. Бүгінгі таңда Қарғалы гарнизонының штаттық санында 23 құтқарушы жұмыс жасайды.
-Енді жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз?
-Жалпы біздің сала қызметкерлеріне артылар жүк жеңіл емес. Сондықтан да олар жылдың қай мезгілінде де тәулік бойы қызмет етеді. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері тұрғындардың өмірін сақтап қалу мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес. Оның ішінде қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты өңір жұртшылығын әбден әбігерге салған ақтүтек боранда адасып қалған тұрғындарды тынымсыз іздеу мен құтқару шаралары мінсіз атқарылып, 15-тен аса апаттық-құтқару жұмыстары тіркелді. Сонымен қатар, биылғы көктем мезгілі де елімізге оңай соқпады. Өйткені, қар тым қалың түсіп, бірнеше аймақта су тасқыны орын алды. Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды. Дәл осы кезде біздің ауданымызға да қауіп төнді. Алайда, азаматтық қорғау қызметі жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жүйелі еңбектің арқасында ауылымыз тасқын судан аман қалды. Осы орайда 2024 жылғы су тасқынына қарсы іс-шаралардың ауданымызда кең көлемде жүргізілгенін толықтай айта аламын.
—«Апат айтып келмейді» десек те, өртке қарсы атқарылған жұмыстар?
-Өрт-тілсіз жау екенін ескерсек, жыл басынан бері ауданымызда 12 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде 9-ы автокөлікте, 2-уі жеке секторда (монша, жеке тұрғын үй), 1-уі табиғи өрт (орман алқабы 10 га) тіркелді. Келтірілген материалдық шығын 23 млн. Ағымдағы жылдың өртке қауіпті кезеңінде аудан аумағында жалпы көлемі 484 гектар алқапта 18 дала өрті тіркелді.
-Қазір міне жылу беру маусымы басталды. Осыған орай төтенше жағдайлардың алдын алу және халық арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін насихаттау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
—Өздеріңізге белгілі, тұрмыс-тіршіліктегі барлық саланың қызметі тұрғындардың игілігі үшін жасалады. Біздің мақсат – сақтық шараларын ескеру әрбір адамның өмірінің кепілі екенін насихаттау. Бұл бағытта төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері адам өмірі мен денсаулығын және меншікті өрттен қорғау мақсатында жыл сайын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмысын жүргізіп келеді. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі ережелерін осы аудандық газетке де жариялап отырамыз. Десе де, кейбір тұрғындардың салғырттығы салдарынан оқыс оқиғалар орын алып жататыны өкінішті. Сол үшін де сақтық шараларына барынша қырағы болған дұрыс.
-Тұрғындарымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету сіздердің еншілеріңізде. Олай болса, Құтқарушылар күніне орай әріптестеріңізге айтар лебізіңіз?
— Ия, дұрыс айтасыз. Расында, апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азамттарға бірінші болып көмекке ұмтылатын да төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Сондықтан да, сіздердің ауыр еңбектеріңіз әрқашан адамдардың алғыстарымен бағаланып, тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлденуіне үлесін қоса береді деп сенеміз. Осы орайда барша әріптестерімді айтулы мерекемен құттықтай отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметтеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қарғалы ауданының өртке қарсы қызмет ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіре келе, ұзақ ғұмыр мен толағай табысты болуларыңызға тілектестік білдіремін.
Әңгімелескен Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА