Харижиттік ұстаным – әсіре діншілдіктің бастауы  

Исламдағы  харижилік ұстаным тарихы Хз.Әли дәуірінен бастау алады. Хз.Әли мен Хз.Мұғауия жақтастарының арасында болған бір қақтығыста Хз.Мұғауия жақтастары жеңіле бастаған тұста, «Ортамызға Құран үкім берсін!», — деп найзаларына Құран парақтарын шаншып шығады. Осы оқиғадан кейін қақтығыс тоқтап, мәмілеге келеді. Сол кезде сендер Алланың емес, адамның үкіміне бағындыңдар деп кінәлаған бір топ Хз.Әлидің сапынан бөлініп кетеді. Міне, осы топ «топтан шыққандар, бөлінгендер» деген мағынада «харижилер» деп аталып кетеді.

«Үкім Аллаға тән!» (Әнғам,2) деген сөз Харижилердің ұранына айналады. Тіпті бір күні Хз.Әли уағыз айтып тұрғанда харижилердің бірі орнынан тұрып: «Ей Әли! Алланың дініне адамдарды ортақтастырып тұрсың. Үкім тек Аллаға тән!», — дейді. Сол кезде жан-жақтан «Үкім Аллаға тән» деген ұрандар естіле бастайды. Сонда Хз.Әли: «Бұл сөз ақиқат, бірақ теріс мақсат үшін айтылып жатыр!» — дейді.

Бір күні Хз.Пайғамбар (с.а.у.) соғыстан түскен олжаны таратып жатқан кезде біреу шығып: «Ей Мұхаммед (с.а.у.) әділ бол! Сен әділ таратқан жоқсың!», — дейді. Сонда түрі қызарған Хз.Пайғамбар: «Мен әділ болмасам кім әділ болады?!», — дейді де, кейіннен: «Абай болыңдар, мынаның ұрпақтарынан (осындай адамдардан) кейін бір қауым шығады. Оқтың садақтан шыққаны сияқты діннен шығып кетеді» (Бұхари, Мағази, 61), — деп бұйырады. Тіпті Хз.Әлиді күпірлікпен айыптаудан тартынбайтын харижилер Хз.Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сипаттауы бойынша: «Сендер олардың намаздарының қасында өз намаздарыңды, олардың оразасының қасында өз оразаларыңды аз көресіңдер. Бірақ олардың иманы кеңірдектерінен төменге түспейді» (Бұхари, Мәнақиб, 25), — дейді.

Тарихты қарап отырсақ бастапқы харижилер негізінен шөлде өмір сүретін арабтардан шыққан. Пікірлері қарапайым, пайымдары тар адамдар болған. Сол себептен де «діни ұстанымда фундаменталистік пікірде, сыни ой-санасы ноқсан болып келеді. Харижилер мұсылман еместерді ысырып қойып, үнемі мұсылмандармен арпалысқан.

Төзімсіздік, фанатизм, басқалармен байланысты үзу, күш пен қатыгездікке жиі жүгіну арқылы саясатқа ықпал ету сияқты басты ерекшеліктерге ие. Харижилік көзқарас бойынша  әрбір күнә -ол күпірлік. Үлкен күнә жасағандар мәңгілік тозақта болады. Олардың пікірінше  күпірлік пен иманның ортасы жоқ. Амал-иманның бір бөлшегі. Мүшриктер мен кәпірлер туралы аяттардың сыртқы үкімін қабылдайды.

Қазіргі уахабилік-такфирилік идеологиясындағылар: «Сен мазхабпен (яғни Абу ханифа мазхабымен) намаз оқисың ба? әлде ахли-суннамен намаз оқисың ба?»,- деп сұрайды. Осы жерде, жастардың миын улау үшін: «Сен ахли сунна бойынша намаз оқымайсың ба? Неге абу Ханифа мазхабымен намаз оқисың?» деген сұрақ қояды. «Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша намаз оқы!»,- дейді. Бұл да жоғарыда айтылған харижилік тәсілге ұқсайды. Бастысы мұсылмандарды мазхабтан, дәстүрден бөліп алу. Ал мазхабсыз, дәстүрсіз, бағдарсыз адамды игеру, өз мүддесіне пайдалану оңай, тіптен діннен шығарып жіберуге де болады.

Шындығында, дәстүрсіз халық болмайды. Біздің қазақ даласындағы дәстүрдің 90%-ы діннен алынған. XV ғасырда қазақ даласын аралаған арабтан шыққан танымал саяхатшы Ибн Батутта өз еңбектерінде былай деп жазады: «Сейхун және Жейхун деген өздендерден өттім. (Амудария мен Сырдария — авт) Бұл далаға Ислам діні әлі толықтай тарала қоймаса да, бұл далаға исламның мәдениеті келіп қойған екен». Келіндері кимешек киіп, абыройын қымтаған. Жігіттері өз қыздарын қызғанған, елін дұшпанға таптатпаған, жетімі мен жесірін жылатпаған бұл халықтың ұлы тұлға екенін жазады. «Бұл халықты ешқандай жау ала алмайды» деп жазады. Ол қай халық, ол – біз қазақ халқы. Сол кездегі біздің бабалар ұстанған дәстүрді меңзеді. Таухидтті-Алланы жалғыз деп тануды бабаларымыздан дәріптеп келген далада дінге қайшы қандай дәстүр болуы мүмкін?!

Бір нәрсені «болады» не «болмайды» деп айтар кезде, бірінші тарихтан, екінші ілімнен ізденіп барып, сосын айту керек. Алладан қорықпай, сүйексіз тілмен сөйлей берген тозаққа түсуіне себепші болады. Өйткені, мүмин адамның тілі жүрегінің артында болады. Ол сөйлердің алдында бірінші жүрегін тыңдайды. Ол нәрсеге білімі жетіп, хайыр болса ғана сөйлейді. Ал, мүнафық, тәкаппар болған адамның тілі жүрегінің алдында тұрады. Аузына не келсе соны сөйлейді. Сондықтан Алла тағала бізге Алладан қорқатын мұсылман болуды нәсіп етсін.

Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,

 аудандық мешіттің бас имамы   

 

 

ТегтерДін