АУДАН ӘКІМІ ҚАРТТАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай аудан басшысы ардагерлеріміз бен көп жасаған қарияларымызды құттықтап, құрмет көрсетті.
Осы орайда аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев бар өмірін қажырлы еңбекке арнаған ардагерлеріміздің үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Ұзақ жылдар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қариялар арасында әлі де қоғам өміріне белсене араласып жүргендері бар. Солардың бірі аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы — Бисенов Сабыржан Нұрахметұлы. Қай кезде де қоғамдық сана қалыптастырып, уақыт талабына сай өзгерту үшін де оған ықпалды күш болады. Олар өмірлік тәжірибесі бар аға буын өкілдері. Міне, сондай ауданымыздағы өзінен кейінгілерге жол көрсетіп, бағыт беріп, қариялар басын біріктіріп, игі істердің басы-қасында жүрген ардагеріміздің орны зор.
Сондай-ақ, қазіргі кезде де ауданымыздың өркендеуі мен жарқын болашағын қалыптастыру ісінде осы ақсақалдарымыздың үлесі басым. Сол себепті де аудан басшысы әр ісi ізеттілік пен үлгi-өнегеге толы қадiрмендi қариялардың елге сiңiрген ерен еңбегі ұрпақ санасында мәңгі сақталатындығын жеткізді. Қарияларымыздың шаңырағында болған мағыналы жүздесуде, олардың бір ғана басты тілегі еліміздің тыныштығы бен халқымыздың амандығы жайында әңгімелер айтылды.
Осылайша, мерекеде құрметке бөленген ардагерлеріміз де аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Қарғалы-АҚПАРАТ