Ардагерлер ардақталды
Біз қашанда “Төріңнен қарт кетпесін” деп қартын қадірлеген халықпыз. Жасы үлкенге құрмет көрсетіп, қарттарымыздың бүгілген беліне сүйеу болу да салт- дәстүрімізден сіңген қасиет. Сондықтан да 1 қазан — Қарттар күні мерекесінің жөні бөлек.
Мереке қарсаңында ауданымыздағы барлық мекеме қызметкерлері қарттарымызға құрмет көрсетіп, дастархан жайып, ән мен жырдан шашу шашып, оларды ескерусіз қалдырмай қамқорлық таныту дәстүрі жылдан жылға жалғасып, дәстүрлі үрдіске айналды.
Солардың бірі — аудандық аурухана ұжымы. Олар әрқашанда да ауданымыздағы игі істерге қолдау білдіріп отыратын белсенді ұжымдардың бірі. Бұл күні де аурухана ұжымы мекемелерінің алдында «Қарттарым-қазынам» деген ұранмен сапқа тұрып, ардагерлерге ерекше құрмет көрсетті.
Аталмыш ұжым кәсіподақ ұйымымен бірге биылғы мерекеде ұзақ жылдар бойы денсаулық саласында еңбек еткен ақ халатты ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, мейірімге бөледі.
Айта кететін болсақ, өңіріміз аудандық ауруханада еңбек етіп, жастық шағын аудан халқының денсаулығына жұмсаған жетпістен астам денсаулық саласының ардагерлері бар.
Мереке күні аудандық аурухана басшысы Берік Жаржанов пен кәсіподақ ұйымының төрайымы Жазира Сексенбаева оларға мерекелік көңіл күй сыйлап, сый-сияпаттар тарту етті.
Мейірім мен ізгілікке бөленген ардагерлер де әріптестеріне ризашылықтарын білдіріп, тілектерін жаудырды.
Бақыт ИМАШЕВ