ҰЛАҒАТЫ МОЛ ҰСТАЗ
Химия пәнінің мұғалімі Мария Утешева – ұстаздық тәжірибесі мол, орасан зор білімімен балаларды оқыту үдерісіне деген шығармашылығын аямайтын ұстаздардың бірі. Мария Хаджимураткызын жұмысқа барын беретін адамдардың қатарына жатқызуға болады.
Сондай-ақ, ол өзінің жігерлілігімен, өзіне және басқаларға талапшылдығымен, өз пәнін тамаша меңгеруімен, әдістемелік шеберлігімен, зор эрудициясымен ерекшеленеді. Сабақтары тек қарқынды оқу жұмысымен ғана емес, сонымен қатар оқу қуанышымен де толы. Шәкірттеріне химияның заңдылықтарын ғана емес, өмір заңдылықтарын дұрыс, қарапайым түсінуге үйрете отырып, бүгінде шәкірттері түрлі байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары.
Атап айтар болсақ, 2023 жылы ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне дайындаған 10-сынып оқушысы Алибек Казмагамбетов химия пәні бойынша II орын жүлдегері атанса, 2024 жылы аталмыш республикалық олимпиаданың жүлдегері Алибек Казмагамбетов III орынды иеленді. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде де химия пәні бойынша Алибек Казмагамбетов жүлделі II орын иегері атанды.
Жалпы қай кезде де ұстаздың жан-жақтылығы, үнемі ізденіс пен шығармашылық жолындағы талабының болуы шәкірт жүрегіне бірден-бір жол салады.
Олай болса, ұстаздар күні қарсаңында ауданымыздағы білім саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген ұстазымыздың шығармашылығы мен кәсіби шеберлігіне, ұлттық тәрбиенің игілігі жолындағы көп жылғы қажырлы еңбегіне сарқылмас күш-жігер тілейміз.
Жұлдыз КЕНЖЕ