ЕЛ АҒАСЫ — ЕЛАСХАН

«Өмір ұзақтығымен өлшенбейді, мазмұнымен өлшенеді» демекші, жылдағы үрдіске сай Қарттар күні қарсаңында ауданымыздағы еліне елеулі еңбек еткен үлкендерімізбен сұхбаттасып, олардың еңбек жолын кейінгі өсіп келе жатырған жастарымызға үлгі-өнеге ету мақсатында  дәріптеп келеміз.

Сондай көне көз кеңестік заманның еңбек көрігін қыздырып, Тәуелсіздік алған елдің дамуына да өз үлестерін қосып жүрген аға буын өкілдері  арамызда баршылық. Расында, алдыңғы буын ағалардың жүріп өткен өмір жолы, кейінгі буын інілерге әрқашан да өнеге. Олай болса өңіріміздегі сондай тұлғалардың бірі — Шәмші ауылының тұрғыны, ауылына айтарлықтай еңбегі сіңген Еласхан  Елеусизов.

Еласхан Абдрахманұлы Орынбор облысында 1953 жылы наурыз айында дүниеге келген. Сол жақта мектеп бітіріп, Орынбордың ауылшаруашылығы институтының зоотехникалық факультетін бітірген. Одан соң оқу орнының жолдамасымен Орынбор облысының Новоорск ауданының «Ударник» кеңшарының 4 фермасында еңбек жолын бастаған. Одан кейін Ақтөбе облысының Комсомол (қазіргі Әйтеке би)  ауданының 22 Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының съезі атындағы кеңшарда  9 жыл және аталмыш ауданның Уражайный кеңшарында 7 жыл еңбек еткен. Сол  кездегі  шаруашылығы ақсаған, түрлі жұқпалы мал ауруынан арылмаған ауылдың жағдайын жақсартуға өз үлесін қосқан маман кеңшар жұртшылығының есінде.

1992 жылы отбасылық жағдайына байланысты кезіндегі Александровка ауылына қоныс аударып, В.И.Пацаев атындағы ұжымшарға бас зоотехник болып жұмысқа кіріседі.

Осы өткен 22 жылда кейіпкеріміз елді, ел бұл азаматты танитын халге жетті. Ол кезде 3500-ден аса қызыл дала тұқымды ірі қара малының 1200 басы сауынды сиыр болатын. Жалпы Ақтөбе облысының кезіндегі Ленин ауданы  егінмен қатар сүтпен айналысатын. Сондай-ақ, әр ұжымшарда сүт сауатын механикаландырылған МТС фермалар жұмыс жасап тұрды.

Бір сөзбен айтқанда, білікті маман қайда да өзін көрсете білді. Сол кездері Кеңес Одағы тараған тұста, әсіресе ауылшаруашылығы құлдырады. Ол жағдай В.И Пацаев ұжымшарына да әсер етпей қоймады. Осылайша, шаруашылық шашырап, мал, техника бірқатары қарыздарды төлеуге кетті. Сол тұста  да елмен бірге жұмыс іздеді. Әрдайымда да білімдіге жол жарық дегендей, ауылдастары сенім артып, кәсіподақ ұйымына төрағалыққа сайлады.

Елі сенген Еласхан ыдыраған ұжымшардың балабақшасын, мектебін, т.б. ғимараттарды сақтап қалуға қосқан еңбегінің жемісін бүгінгі күні Шәмшіліктер әлі көріп отыр. Дегенмен де, қиын сәттер болды. Кәсіподақ ұйымының қаржысына мектеп, балабақшаға қажетті бұйымдарды алуға осы ел ағасының ықпалы зор болды. Осындай ауылға деген еңбегі үшін 2011 жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен марапатталғаны да еңбегінің еленгені деп білеміз.

Осылайша, В.И Пацаев ЖШС-гі тарағаннан кейін өз еркімен жұмыстан кетіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал басын асылдандыру бөліміне бас инспектор болып ауысады. Осы саладан 2006 жылы зейнет жасына шығады. Одан кейін де аттан түспей, ауыл шаруашылығы малдарын асылдандыруға қатысты тәжірибелі маман, ауыл шаруашылығы министрлігі палатасына қарасты класификациялық жануарларды бағалау маманы болып жұмыс жасайды.

Ұзақ жылдардағы еткен еңбегіне қарай ҚР Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен, аудан әкімі мен ауыл шаруашылығы саласының Алғыс хаттарымен, “Еңбек даңқы” төс белгісімен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекелік медалімен, сондай-ақ, бәрін жиғандағы еңбектің елеуі «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрметке лайық ауыл азаматының кеудесіне таққан “Құрметті ардагер” медалінің жөні бөлек, мәні зор десек те болады.

Зайыбы Жарқынайдың мамандығы кітапханашы. Осы ауылға  еңбегі сіңген жан дән сақтау, шөп  жинау орындарында таразышы, жанармай бекетінде оператор болып еңбек еткен.  Жолдасы екеуі  үш ұлдан 7 немере сүйіп, ата-әже бақытына кенеліп отыр.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның Құрметті азаматы