Төраға болу — төрде отыру емес

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Аминолла Ахметов еңбекпен есейіп, кезінде комсомол ұйымына жетекшілік етіп, бұл күндері Шәмші ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ел ақылшысы болып жүр. Осы орайда Қарттар күні мерекесі алдында арнайы тілдесіп, әңгімелескен едік.

Кім-кімнің де өткен өмірінен әр қилы естелік қалып жатады. Еңбектің үлкен-кішісі жоқ, ақ адал еңбек етсең, міне, сол нағыз абыройлы еңбек. Біздер қарттықтың қадірін енді сезіп жатырмыз ғой. Бізді адамгершілікке баулыған аға буынға рахмет айтамын. Мен зейнет жасына  жетпесем де, ауылымыздағы қариялар маған сенім артып, ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағалығын тапсырды. Өзара ақылдаса келе, біздің жолымызды дұрыс таңдасын дегендері болар. Мен де сенім артқан ауыл үлкендерінің үмітін ақтауға барымды салып келемін. Шындығын айтқанда, төраға болу-төрде отыру дегенді білдірмейді. Мен жастайымнан еңбекпен шыңдалған жанмын. Қазіргі Шәмші (бұрынғы Александровка) ауылындағы В.Пацаев ұжымшарының бөлімшесі болған Қызыл-ту ауылында 1963 жылдың 1-қаңтарында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Хайролла сол бөлімшеде тракторист-механизатор, ал  анам Калима сауыншы болып еңбек етті. Біз отбасында 5 ұл, 1қыз болып өстік. Өзім 1970 жылы Петропавл орта мектебіне барып, 1980 жылы оқу орнын  бітірдім. Одан соң 1980 жылы Ақтөбе қаласындағы «ДОСААФ» көлік жүргізуші оқуына барып, 1981 жылы автокөлік жүргізушісі мамандығын игердім. Сол жылы әскер қатарына алынып, 1983 жылы Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, елге оралдым. Келгеннен кейін ферма жұмысшыларын егіндік алқапқа тасып еңбек еттім. Кейіннен ауылда малшы аз болғандықтан, малшы болдым. Одан кем болған жоқпыз. Қайта еңбегім бағаланып, ауданда «Озат қойшы», «Озат малшы» жылда өтетін малшылар тойында атым аталып, марапатталып жүрдім. Бір өкініштісі кеңестік кездегі еңбегімізді ешкім керек етпейтіндей, алған мадақтама, төс белгіні сақтамаппыз. Бертін келе де еңбегім еленіп, 1989-1971 жылдар аралығында В.Пацаев ұжымшарында 4 бастауыш ұйымынан құрылған, 89 мүшесі бар комсомол ұйымының хатшысы болдым. Кезіндегі жастарға рух берген ұйым тарамағанда жұмыс жасай берер ме едім кім білсін?! Ол ұйым тарады екен деп көштен қалған жоқпыз. Тәуелсіздіктің де дәмін татып, еңбек етіп келеміз.

1988 жылы  отбасын құрдым. Отбасымызда 3 ұл, 1 қыз дүниеге келді. Қазіргі таңда қызымыздан 3 жиен, ұлдарымыздан 5 немере көріп отырмыз. Бір ұлым төтенше жағдайлардар саласында еңбек етсе,  енді біреуі Шәмші ауылындағы «Актеп» ЖШС-нің күзет бөлімінде қызмет етеді.   Биыл ауылымыз өз алдына жеке дараланып, еншісін алды. Бүгінгі таңда ауылымыз да өркендеп дамып келеді. Дегенмен де, атқарылар жұмыс та жетерлік. Біз де ауыл үлкендері бір жағынан қолдау білдіруді міндетеміз деп білеміз. Ауылымыздағы ақсақалдар кеңесінде көпті көрген, ақылшы Наурызғали Сағынтаев, Серік Жаманшалов, Сұлтанғали Дүйсенов, Еласхан Елеусизов сынды ел ағалары жастар тәрбиесі мен ел тыныштығы бірлігінің ұйытқысы. Кейінгі ізбасарлары бізге жөн сілтеп отырады. Жалпы әр ауылдағы ақсақалдардың атқарар жұмысы баршылық. Биылдың өзінде біздер ауылдағы шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып, шөп бағасын қымбаттатпауға өзара ымыраға келіп, жазғы мал бағымына малшы табуға септігіміз тиді. Ел болған соң жастар тәрбиесі де өзекті мәселе. Осы жағдайда ауылдың учаскелік полицейімен бірге түсінік жұмысына да араласамыз.

Айта берсек ауыл ақсақалдарына да артылар жауапкершілік аз емес. Біз де өз ағалық міндетімізді атқаруға барымызды салып келеміз. Аудан, ауыл азаматтары да еңбегімізді бағалап, алғыстарын айтып, айтулы  мерекелерде құрмет көрсетіп жатады. Мен де өткен жылы Қарттар күні мерекесіне орай аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталдым. Әрине, әр ауыл ақсақалдары атақ, алғыс үшін емес, аулының болашағы мен бірлігі үшін білгенін жастарға үйрету парызымыз деп есептейміз. Халқымызға кішкене болса да пайдамыз тиіп жатса, біздің де ағалық парызымыздың өтелгені емес пе?!

Бақыт ИМАШЕВ