Орындарың төр болсын, Қариялар!
Қазан айының алғашқы күні елімізде жыл сайын қарттарымыздың ғұмыр бойы істеген еңбектері мен мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан үлестері ескеріліп, соған орай құрмет көрсетіледі.
Халық даналығында «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаса керек. Бүгінгі таңда ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, болашақ ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Қазіргі кезде біздің мемлекетіміз де қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Солай деп айтсақ та, бес саусақ бірдей емес. Өйткені, безбүйрек ұл-қыздарының қамқорлығын көре алмай қарттар үйін паналап, екі көзі төрт болып терезеге жәутеңдеп, көңілі жабырқаулы қарттарымыз да жоқ емес. Қанша ауыр естілгенімен шындығы сол.
Қай кезде де қазыналы қарттарымыздың мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі мен халқымыздың бейбітшілікте тыныш өмір сүруіне қосқан үлестері ұшан-теңіз. Осы бір ардақты жандардардың еңбегі орасан зор. Расында, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата әжелеріміздің өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Дегенменде, үлкендіктен ешкім қашып құтыла алмаған. Бірақ, кәріліктің де өзінің заңы, сәні мен мәні барын ұмытпаған жөн.
Жалпы ежелден-ақ халқымызда қарияларға зор құрмет көрсетілген. Өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген, дана, елге айтары бар үлкендерді ақсақал деп қадірлейтін де болған. Олар ел ішінен туысаралық, отбасылық байлам айтып, тентегін тезге салып, бітімгер де бола білген. Қазіргі заманына қарай жастарға ақылшы, бітер істің басынан табылар қарттарымызда баршылық. Дегенмен, қарттардың бәрі де ортаға сай бола бермейтінін Халық қаһарманы, ер жүрек батырмыз, ел ағасы Бауыржан Момышұлы қарт кісілерді қарт-шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөліп, әр қайсысына өз бағасын беріп кеткен. Соның ішінде елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған.
Олай болса, көпті көрген абыз қарттарымызға деген құрметіміз арта берсін. Қазыналы қарттарымыздың дендері сау болып, орындары әрқашан төрден болсын демекпін.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»