Тілге құрмет көрсетілді
Ана тілі халқымыздың баға жетпес асыл мұрасы. Оның қасиетін қанша айтсақ та таусылмайды. Осы орайда өткен аптаның бейсенбісінде жылдағы үрдіске сай аудандық мәдениет үйінде тілдер күніне арналған «Тіл достық- көпірі» атты фестиваль өтті.
Мәдениет үйінің фоесін жайната бірқатар мекемелер әр ұлттың тағамдарын ұсынып, дайындау әдісін түсіндіріп, біздің ауданда мекен еткен ұлттардың киімдері мен дәстүрлері таныстырылды.
Осы өткен тілге құрмет фестивалына ауданымызға ісапармен келген «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы Роман Рахымұлы мен Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстарды талдау бөлімінің жетекші маманы Ақкүл Төлебайқызы да көрермен болып қатысып, өз ризашылықтарын білдірді.
Бұл іс-шараны жүргізген Асхат Түлкібаев пен Айнара Курманова тіл ырғағын келістіре, тілім деп келгендерді таныстырып, шараның негізгі мақасаты мен талаптарын түсіндірді.
Шараның негізгі басты мақсаты – мекеме мен ұжым, білім саласы, ауылдық округтердегі халықпен тығыз қызмет ететін мамандардың тілге икемдігін байқау, бір сөзбен айтқанда, тілді құрметтеу саясатын, рухани байлығын қызметте, тұрмыста қолдану, шама-шарқын байқау. Фестивалдың негізгі шарттары — мемлекеттік тілде өздерін таныстыру, ұлттық тағам түрлерін дайындау, салт-дәстүрден көрініс көрсету, өздері дәріптеген ұлттың бір әнін орындау қажет.
Сайысқа 7 топ қатысып, өзара бақ сынады. Тіл сайысының нәтижесінде №2 Бадамша орта мектебі қазақ ұлтын дәріптеп, бас жүлдені иеленсе, аудандық аурухананың ақ халатты абзал жандары әзербайжан халқын сахналап, жүлделі І орынға қол жеткізді. Сонымен қатар, қатысушылар арасында аудандық орталық кітапхана ұжымы орыс ұлтының салт-дәстүрін шебер сомдап, жүлделі 2 орынға қол жеткізсе, неміс ұлтын сомдаған Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының ұжымы 3 орынға ие болды. Беларусь халқының болмысын шебер көрсеткен Бадамша агро-техникалық колледжінің ұжымы «Үздік мекеме» номинациясымен марапатталды. Шешен халқының салт-дәстүрін бейнелеген Шәмші ауылдық округі «Тіл майталманы» номинациясына лайық деп танылса, Татар халқының тілі мен ділін көрсетіп, ұлтты сахналай білген Қосестек ауылдық округі «Үздік ауылдық округі» атанды. Фестивалға қатысушыларға әннен шашу шашып, ерекше көңіл-күйге бөледі. Сондай-ақ, жеңімпаздар мен қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев тіл мерекесімен құттықтап, марапаттар табыс етті.
Бақыт ИМАШЕВ