ЖЕР АТЫ — ТАРИХ АТЫ

«Жас Ақтөбе» қоғамдық қоры акция аясында Қарғалы ауданына қарасты Степной ауылдық округінің халқымен кездесті. Идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды жаңарту мақсатында өткен шараға елді мекен әкімімен қатар ауыл тұрғындарын, облысымызды егін және мал шаруашылығы өнімдерімен, жұмыспен қамтып отырған «Степное» шаруа қожалығының бас директоры Аманғос Тулеуов қатысты.

Кездесу мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейтуге шақыру сынды өзекті мәселелерді қозғаумен басталды. Қоғамдық қор өкілі Гульнар Әбдісаматқызы аталған мәселе туралы әңгімелей келе, тұрғындармен ауылдық округ атауына қатысты белсенді диалог жүргізді.

Шара барысында ауыл тұрғындарының бәріне жуығы қазақ тілінде жақсы сөйлейтіні және ешқандай тілдік кемсітушілік жағдаяттары орын алмағаны туралы белгілі болды. Сөз сөйлеген ауыл азаматтары да еліміздегі тілдік ахуалмен жақсы таныс екенін айтып, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге ниеттес екенін білдірді.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары мен округ әкімі ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту тақырыбында тілдесуге қашан да ашық екенін жеткізді.

Кабиева Гүлнәр ӘБДІСАМАТҚЫЗЫ,

«JasAqtobe-2022” қоғамдық қорының өкілі