Елімізге тұрақты және экологиялық энергия көзі қажет

Әсел Сарманова,
«AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары, қалалық мәслихат депутаты.

Елімізде АЭС салу қажеттігі халық талқысына салынды. Соның әсерінен қоғамда көптеген пікірталас туындап жатыр. Енді шешім қабылдайтын кез келді.
Біріншіден елімізде электр энергиясының тапшылығы айқын біліне бастады.
Қазір көп қаржы жұмсап, шет елден энергия сатып алып отырмыз. Бүгінде облыста жергілікті энергия көздерінен 509 МВт өндірілсе,  өзге елдерден 451 МВт немесе 47 пайыз электр энергиясын сатып алып отырмыз. Сонда қажетті энергияның тең жартысын көршілес елдерден алады екенбіз. Сондай-ақ электр энергиясын тұтыну қарқыны жыл сайын 3 пайызға артып келе жатыр. Қазір облыс бойынша орта есеппен 960 МВт электр энергиясын тұтынып отырсақ, 2028 жылға қарай оның мөлшері 1 270 МВт ұлғаюы мүмкін. Бұлай жалғаса берсе, 10 жылда энергия қуатының тапшылығы 30 пайызға жетіп жығылатын болады. Бұл көптеген салаға нұқсан келтіріп, экономикамызға кері әсер етуі ықтимал.
Екіншіден, елімізде электр энергиясын өндіру станцияларының 70 пайызы көмірмен жұмыс жасайды. Оның 70 пайыздан астамы әбден тозып біткен. Бұл қоршаған ортаға үлкен зиян тигізуде. Елімізде жаңартылатын энергия көздері  секторы белсенді дамып келе жатқанымен оларды энергияның негізгі көзі ретінде қарастыра алмаймыз. Сондықтан да елімізге тұрақты және экологиялық таза энергия көзі қажет. Сондықтан отандық энергия өндіру қуатын кеңейту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үкімет АЭС салуды таңдап отыр. Ол елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды көзі болып табылады. Оны салу кезінде анағұрлым озық және қауіпсіз технологиялар мен материалдар, жаңартылған және сенімді қорғаныс құралдары мен энергия көздері пайдаланылады. Бұл «адам факторының» әсерін және апат ықтималдығын барынша азайтады.

aqtobegazeti.kz