Жастар мәселесі қаралды

Өткен аптада аудан әкімі Асқар Жүсібалиевтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өткізілді.


Кеңес отырысына бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, жастар ұйымдары, белсенді жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңес басталмас бұрын «Қарғалыда жасалған» жас кәсіпкерлер көрмесі көрермендерге көрсетілді.
Жиында әуелі сөз бастаған аудан басшысы Асқар Жүсібалиев:
— «Халқымыздың «Ақыл — жастан, асыл — тастан» деген нақыл сөзі текке айтылмаған. Мемлекет жастарға бизнес ашу, білім алу, жұмысқа орналасу және табыс табуға жаңа мүмкіндіктер жасап келеді. Осы орайда аудан жастарының тарапынан жасалып жатқан жұмыстар нәтижелі деп айтуға болады. Бұл ретте мемлекет тарапынан жас медицина қызметкерлеріне ауданға келу үшін қажетті қаражат беріліп, аудан тұрғындарының денсаулығын нығайту жолында жұмыстар атқарылып жатыр, — деді.
Жиынның күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Алғашқы болып аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Тілектес Шыңдаулова жастар арасында денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері бойынша баяндады.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова күн тәртібіндегі екінші мәселе — жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыруға арналған шаралар туралы баяндама жасады. Одан соң аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Бижанова жастарды жұмыспен қамту мәселесіне тоқталып, жастардың жұмыссыздық деңгейі төмендегенін, 602 жас тұрақты жұмысқа орналасқанын айтты.
Баяндамаларды мұқият тыңдаған аудан әкімі жауапты басшылардан жастардың кешкі уақытта спортпен шұғылдануы үшін барлық спорт объектілерінің жұмыс жасауын қамтамасыз ету, мәдениет үйлердің шараларына жастарды тарту, түрлі қызығушылықтар бойынша шағын топтарды ашу бойынша нақты жұмыстар жүргізуді, аудан бойынша спорт объектілерінің жағдайын жақсарту бойынша жүйелі әрекеттер қолданылуды, сонымен қатар жастармен айналысатын орталыққа автокөлік алуды тапсырды.
Ал кеңестің екінші бөлігінде белсенді жастар, оның ішінде, жас ұстаздар, кәсіпкерлер, «Жасыл ел» еңбек жасағының белсендісі сөз сөйледі. Шара соңында жыл бойына әр салада белсенді болған жастар марапатталып, аудан әкімімен естелік суретке түсті.

Алина МУХАМДИЯРОВА

ТегтерКЕҢЕС