Жер игілігін көру қажет

Туған жер дегеніміз — біздің ата-бабамыз мекен етіп, кіндік қанымыз тамған жер. Сондықтан да, әрбір қазақстандық көздің қарашығындай сақтауы керек.
Жер – бар байлықтың басы, бүкіл тіршіліктің көзі. Әсіресе, жерді ұқыптылықпен пайдалану мәселесі бүгінгі таңда аса өзекті.
Әрине жер мәселесін қозғасақ, жекешелендіру деген желеумен пысықайлар алып-алған жерді, өзінің де, өзгенің де пайдасына жаратпай, аздырулар болып жатқаны жанға батады.
Осы орайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей пәрменімен иесіз жер кері қайтарылып, ел игілігіне жаратылуда. Біз де «әркімнің шыққан тауы өзіне биік» дегендей, жері шүйгін, топырағы құнарлы, ауасы таза деп бағаланып жүрген ауданымыздың жер жайы мен қолдану аясын білмекке аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Айсұлтан Кеңбейловпен хабарласып, мән-жайды білген едік.
Қазақстанда жаңару кезеңі басталғаннан кейін, саяси және экономикалық салаларда өзгерістер болып жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, жекешелендіру тарихы бірнеше кезеңнен өтті. Осы мақсатта көптен ойымда жүрген еді, жер алып, оны пайдаға асыра алмай жүргендердің мәселесі.
Ендеше, Айсұлтан Айтмырзаұлы, аудандағы жер мәселесіне тоқталып өтсеңіз?
-Сұрағыңыз өте орынды. Жер мәселесі өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында:
«Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес. Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермерлерге жем-шөп дайындайтын жерлердің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр», — деп жер мәселесіне тоқталып өткен болатын.
-Ауданымыздағы жағдай қандай және де пайдаланылмаған қанша жер мемлекет меншігіне қайтарылды?
-Президент тапсырмасын орындау мақсатында соңғы жылдары Қарғалы ауданында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен биылғы жылдың 8 айында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 32796 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 30 023 гектар жер мақсатқа сай пайдаланбай отырған шаруашылықтардан сот арқылы мәжбүрлі түрде алынды. Атап айтсақ, бір ғана шаруашылықтың өзінен 29188 га жайылымдық жер қайтарып алынды. Сонымен қатар, 2019 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында қалпына келтірілген суармалы жер учаскелері де мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылды. Себебі, осы күнге дейін 3 шаруашылықтың 835 гектар суармалы жері мақсатқа сай пайдаланылмай келген болатын. Және де 2773 га жер учаскелерін пайдаланбай отырған шаруашылықтар өз еркімен қайтарды. Қайтарылған жерлердің 31950 гектары жайылымдық жерлер болса, 846 гектары егістік жерлер. Биылғы жылы 10 шаруашылықтың 23 676 гектар жайылымдық жерлеріне тексеріс жүргізіліп, жерді мақсатқа сай пайдаланбай отырғаны анықталды. Аталған шаруашылықтарға облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Аталған шаруашылықтар бір жыл ішінде кемшіліктерді жоймаған жағдайда сот тәртібімен алып қою жұмыстары жүргізілетін болады. Әрине, жерді мәжбүрлі түрде қайтару біздің басты мақсатымыз емес. Алайда жерді мақсатқа сай пайдаланбаса, аудан әкімдігі тиісті шара қолдануға міндетті. Жердің пайдалануына мониторинг тұрақты түрде жүргізліп отырады. Жерді тиімді игеру мәселесі алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ

 

ТегтерЕл мен жер