Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Қазіргі уақытта тұрғын үй мәселесі негізгі мәселелердің бірі болып саналады. Себебі, халықтың әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Баспанамен қамту мәселесі ауданымызда да өзекті мәселелердің қатарында. Осы орайда аудан орталығында салынып жатырған екі пәтерлі сегіз үйдің құрылысы жайында сұрап білген едік.
-Қазіргі таңда ауданымызда екі пәтерлі сегіз үйдің құрылысы бой көтеруде. Үш бөлмелі әрбір пәтердің жалпы ауданы 65 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын төрт жеке кәсіп иелері жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, әрбір пәтерге 14 млн 947 мың теңге қаржы бөлінуде. Құрылыс жұмыстары осы тамыз айында аяқталып, пәтерлер әлеуметтік санаттағы кезекте тұрған тұрғындарға қыркүйек айында жалға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ең маңыздысы үйдің сапалы салынуы. Сондықтан да, құрылыс жұмыстары тікелей өзімнің бақылауымда дейді,-аудандық сәулет, қала құрылысы және бөлімінің басшысы Айболат Мысаев.
Тағы бір айта кететін жайт, бұл пәтерге әлеуметтік жағынан осал топтағы, аз қамтылған тұрғындар мен жетім балалар, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар отбасылар, зейнеткерлер, көпбалалы және т.б. жандар ие бола алады.
Баспаналы болу – екінің біріне оңайлықпен бұйыра бермейтін бақыт. Олай болса, аудан тұрғындарының да баспаналы болып, қуанышқа бөленер күнінің ауылы алыс емес.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА