Шаруалардың шашуы

Жыл сайын ауыл аймақтағы кәсібін дөңгелеткен шаруалар бар жиған-тергенін аудан орталығына сатыққа шығару үрдісі қалыптасып келеді. Осы орайда өткен аптаның сенбісінде бадамшалықтар жәрмеңкеге ертелетіп асығып, барды көруге, керегін алуға асықты.
Жәрмеңке аудандық саябақ жанындағы жаңадан жабдықталған орында өтті. Шаруалар да ауылдастарына өздерінің өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20 пайыз жеңілдіпен ұсынды. Бұл жәрмеңкеге ауданға қарасты барлық ауылдық округтер түгел қатысты. Тұрғындар да сапалы, әрі табиғи тауарды алуға асығып, жәрмеңкеде азық-түлік, ет, сүт, т.б. өнімдер мол болды. Нақтырақ айтар болсақ, 3 бас ірі қара малының еті, 180 келі ара балы, 90 келі кондитерлік өнімдер тиімді бағада сатылып кетті.
Сондай-ақ, алдағы уақытта да бұл жәрмеңкелік шашу күзгі бау-бақшаның өнімдерімен толыға түспек.
Жалпы алғанда жылда өткізіліп келе жатқан ауылшаруашылық жәрмеңкесінің мақсаты — ауыл еңбеккерлерінің алған өнімін дәріптеп, ауылдастарына арзан бағамен сатылымға шығару.
Осылайша, жәрмеңкеде тұрмысқа қажетті азық-түліктер сатылып, бадамшалықтар да ауыл еңбеккерлерінің шашудай тартуына ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл қарапайым халыққа жасалып отырған үлкен қолдау. Қалай десек те, ел несібесінің еселенгені байқалды.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерЖәрмеңке