ЖАСТАР КҮНІ КЕҢІНЕН АТАЛЫП ӨТТІ

Халықаралық жастар күні 12 тамызда атап өтіледі. Бұл мерекені БҰҰ Бас Ассамблеясы бейбітшілікті дамыту мен құрудағы жастардың рөлін және олардың жолында тұрған проблемаларды еске түсіру мақсатында белгілеген.
Бұл мейрам — ғаламдық деңгейде тойланатын бірден-бір мереке. Мұны жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жер жерде түрлі іс-шаралар қолға алынады. Осылайша әлем халықтарының жастары бұл
күні ерекше шаттық пен берекеде атап өтуді жөн көреді. Осы орайда жылдан-жылға жаңа, әрі тың идеямен тойланатын күнді аудан жастары асыға күтеді. Биылғы жылы да бұл мереке түрлі іс-шаралармен есте қалды.

ЕЛ ЕРТЕҢІ —ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР

Өткен аптада халықаралық жастар күні аясында «Жастармен бірге» ұлттық жастар онкүндігіне орай аудандық орталық кітапхананың коворкинг залында “Ел ертеңі — жалынды жастар” атты дөңгелек үстел өтті.


Шараға әр түрлі саладағы мамандар мен мемлекеттік қызметкерлер және де аудан жастары қатысты. Шараның басты мақсаты — жастарға болашақ мамандық және оқу бағдарын таңдауға көмектесу, қазіргі қоғамдағы жастар мәселесі мен дүниетанымын кеңейту, болашақтағы мамандықтар туралы көзқарасын дамыту, сондай-ақ, таңдаған мамандығының өз бейімділігі мен қабілетіне сәйкес келуін нақтылау, өз — өзін танудың жалпы әзірлігін қалыптастыру.
Дөңгелек үстелде мамандыққа қатысты әңгімелер өрбіп, жастар еркін пікір алмаса білді. Сонымен қатар, аудан жастары түрлі салада еңбек
етіп жүрген мамандық иелерінің қызметі жайында көптеген ақпараттар ала алды.
Осылайша, жастар арасында мамандық таңдау, адал жұмысты танымал ету мақсатында өткізілген шарада мамандық иелеріне түрлі қызықты сауалдар қойып, тартысты әңгіме өрбітті. Мамандық бір қарағанда жәй нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ ол бүкіл саналы өміріңнің айнасы. Жүрек қалауыңмен таңдалған мамандық бойынша жұмыс істеу – үлкен бақыт деушілердің бірі — Есет Суйеуов.
-Мен бұл саланы таңдап, білім алғаныма 14 жыл. 9 сыныпты бітіріп, медициналық колледжге түстім. Онда 4 жыл білім алып, 2014 жылы Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетіне оқуға түсіп, онда жеті жыл бойы оқып шықтым. Білім алып жүріп тазалықшы, одан соң
103 жедел жәрдем бөлімінде фельдшер боп жұмыс жасадым. Сондай-ақ, қаладағы емханаларда, облыстық балалар ауруханасында еңбек еттім. Қазіргі таңда Қарғалы аудандық ауруханасында дәрігерлік қызмет
атқарамын. Жалпы қай кезде де мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да, бұл шараның маңызы зор. Қазіргі қоғам білімділердің заманы. Сол себепті де білім алуға ұмтылып, еңбекқор болу керек,- дейді аудандық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері.
Кез келген мамандықтың өзіндік ерекшеліктері мен талаптары болады. Таңдау жасау барысында мамандыққа сұраныс пен оның беделі және де мансап перспективалары ескеру қажет. Оған қоса мамандық таңдау уақыт пен түсінікті қажет етеді. Осылайша, кеш қонақтары жастарға кез келген мамандықтың өзіндік ерекшеліктері мен талаптары жайында айтып, мамандықты дұрыс таңдап, қоғамда лайықты орнын табуға тілектестігін білдірді.

ЖАСТАР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ҮЛЕС ҚОСТЫ

 Жастар орталығының ұйымдастыруымен өңіріміздің көрікті жерлерінің бірі — Қасқыр сарқырамасында «Қамқор» жастар атты акция өтті.


Акцияның мақсаты — жастар арасында қайырымдылыққа
үлес қоса отырып, табиғатты аялау, оған үнемі жанашырлық сезіммен қамқорлық жасауға ұмтылу, туған жердің табиғи құндылықтарына жауапкершілікпен қарауға дағдыландыру. Аталмыш акцияға ауданымыздың белсенді жастары қатысып, олар қоғамды нығайтуды, қайырымдылық мәдениетті дамытуды мақсат етіп, әсем табиғат аясында фотосессия жасап, дастарханнан дәм татты.
-«Қасқыр» сарқырамасы қазіргі таңда елімізден өзге де туристердің қызығушылығын арттыруда. Мұнда жыл сайын демалушылардың саныда артып келеді. Сондықтан да, бұл маңда тазалық жұмыстары жиі ұйымдастырылып отырады. Осы орайда аудан жастары өлкемізді таза ұстау үшін табиғат аясында демалғанда әрбіріміз отырған жерімізді
шашпай-бүлдірмей, керісінше, тазалап кету мәдениетіне немқұрайлы қарамасақ. Өйткені, табиғат – тіршілік көзі. Табиғатты аялау, оған үнемі жанашырлық сезіммен қамқорлық жасап отыру ата-бабаларымыздың ұрпақтарына ұран етіп қалдырған аманаты екендігін ешқашан да естен
шығармауға тиіспіз. Табиғат пен адам қатар ұғым демекші, табиғатты қорғау жастар біздің міндетіміз, — дейді аудандық жастар орталығының
басшысы Мейіржан Жұбан.

ВЕЛИХОВ АУЫЛЫНДАҒЫ СПОРТ КҮНІ

Халықаралық жастар күні аясында «Жастармен бірге» ұлттық жастар он күндігі аясында Велихов ауылында шағын футбол мен үстел теннисінен жарыс өтті.


Спорттық шараға ауылдық округтерден командалар белсенділікпен қатысты. Әр команда шағын футбол мен үстел теннисінен бақ сынасып, нәтижесінде Ащылысай, Шәмші Қалдаяқов, Ақжайық, Петропавл ауылдарынан келген спортшылар жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Шара жастар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған.
Осылайша, қатысушылар мен жеңімпаздар жастар орталығы ұсынған медальдар, кубоктар мен сыйлықтарды сарапқа салды.

Дайындаған Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА