ЖАС МАМАН АРНАЙЫ СЫЙЛЫҚҚА ИЕ БОЛДЫ
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында өзге этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл — менің тілім» атты облыстық байқауы өтті.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен байқауға Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасының арнайы педагогы, жас маман Елена Ефремова қатысып, аудан намысын қорғады.
Үш аталым бойынша сынға түскен ол әуелі қазақ тілінде өлең жолдарымен өзін таныстырды. Сосын Ақтөбе облысының тарихы және ұлы тұлғалары, қазақтың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы, ұлттық киімдері, тағамдары мен аспаптары туралы сұрақтарға жауап беріп, өзінің білімін сынға салды. Одан әрі ол қазақтың ұлттық биі «Қамажайды» мың бұрала билеп, өз өнерін көрсетті.
Тіл саясатына үлес қосып жүрген ардагерлер мен мәдениет және өнер саласының қайраткерлерінен құрылған төрешілер Елена Ефремованың өнеріне лайықты бағасын беріп, Алғыс хат табыстап, арнайы сыйлықпен марапаттады.
Аталған байқауда жастық жігері мен білім-танымын көрсетіп, аудан намысын қолдан бермеген Елена Александровна — Бадамша мектеп-бөбекжай бақшасының түлегі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен туған ауылына келіп, өзі оқыған мектепте абыройлы еңбек етіп, ата-анасының, ұстаздарының үмітін ақтап жүр.
Қарғалы-ақпарат.