Көрші ақысы — Тәңір ақысы
Қазақта күнде көретін, кезігетін болғандықтан «көрші» деген атау берілген. Жақсылық жасауға ең жақын көрші лайықты. Оның салмақты себебі бар. Әдетте кісі қабырғалас немесе жақын көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар. Келімді-кетімді адамның бәрін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан ондай көрші жақсылық жасауға әбден лайық. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деп атам қазақ бекер айтпаса керек.
Көрші ақысы турасында пайғамбарымыздан көптеген хадистер жеткен. Солардың бірі: «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам көршісіне зәбірін тигізбесін» (Бұхари, Әдеп, 29) деген. Сонымен қатар көршілеріне зәбір көрсеткен адам иман келтірген болып есептелмейтіндігін тілге тиек еткен хадистер жеткен. Олай болса, көрші ақысына пайғамбарымыздың да бей-жай қарамағандығын байқаймыз. Құран Кәрімде: «Ата-аналарыңмен, туған-туысқандарыңмен, жетімдермен, қамқорлық қажет болған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астындағы қызметкерлеріңмен жақсы мәміледе болыңдар!» (Ниса сүресі, 36 аят)
Әрбір мұсылман баласы үшін көршінің үш түрі болады. Мысалы, сіз туысыңызбен қатар қоныстандыңыз дейік. Олай болса ол кісінің сізде, сіздің ол туысыңызда үш түрлі: туыстық, мұсылман бауыр ретінде, және көршілік ақыңыз бар. Енді бір көршіңіз туыс емес, бірақ діндес, оның екі ақысы болады. Үшінші, тек көршілік қана ақысы бар, бірақ өзге діндегі, туыс емес, тек қатар қоныс тепкен көршілер кездеседі. Бұл адамның сізде, сіздің онда көршілік ақыңыз бар. Көріп отырғандай, дініміз көрші ақысына айрықша мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешірімді болып, ішер асыңмен де бөлісуді уағыздайды.
Көршің аш отырғанда, тойып ас ішіп, оған қараспауың күнә болып саналады. Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жанындағы көршісі аш бола тұра, өзі тоқ адамды маған иман келтірді деп есептеуге болмайды» (Әл-Барраз) – деген. Сондықтан қиыншылық, жоқшылық уақыттарда көршіге қарайласу имандылықтың белгісі. Халқымыздың басынан неше түрлі зобалаң өтті. Алтын басы қор болып, аша тұяғы қалмады. Сонда үйелмелі-сүйелмелі өз балаларының ауызына тосқан бір тостаған ағарғанда көршісінің баласынан да аяған жоқ. Бір-біріне қарайласып, жан бақты. Бір күлше нанын бөліп жеп, бір сиырдың сүтіне тойғызды. Қазақтың іргесі сетінемей, бүгінге жалғанғаны да мүмкін дәл осы көрші ақысының арқасы болар.
Көрші ақысын беру жайлы Алла елшісі Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Пайғамбарымыз көшеден өтіп бара жатқанда үстіне терезеден күнде қоқыс төгіп, жәбір көрсететін яһуди көршісі болған. Бір күндері әлгі кісі қоқыс төкпей қояды. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз ауырып қалған жоқ па екен деп, оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасты көрген көршісі кәлима айтып, иман келтірген екен. Сондықтан, мұсылман баласы қоңсысы өзге дін өкілі болса, тіпті дінсіз жан болса да тату болуы тиіс. Ислам дінінде көрші хақысы өте жоғары қойылған. Ибн Омардан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған Жебірейіл періште көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы сонша, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» – деген.
Ислам дініндегі ғұламалар көрші ақысын немесе көршіге жасалатын жақсылықты төмендегідей жіктейді:
- Сәлем беру және сәлем қайтару
- Көрші қонаққа шақырса бару
- Көршіге зиян тигізбеу
- Кейбір көршілерден келген қиындықты көтере білу
- Көршінің айыбын жауып, арын сақтау
- Қуаныш кезінде құттықтау
- Қаза жағдайда көңіл айту
- Жеміс-жидек, қандай да бір тағам түрін сатып алғанда сатып алған кезде бір бөлігін көршіге сыйлау
- Көршіге кешірімді, жұмсақ болу
- Көршіні орынсыз айыптамау
- Көршіге ыңғайлы уақытта қал-жағдайын сұрап бару
- Мұқтаж көршіге көмектесу
- Маңызды істерде көршімен ақылдасу
Асыл дініміз көрші ақысына құндылық ретінде қарайды. Халқымызда «туыс – атадан, көрші – Алладан», «құдайы көршім» дейтін сөздер мәдениетімізде, салт-дәстүрімізде көрші ақысының қаншалықты маңызды орын алатынын аңғартса керек.
Көршіге қайырымды, қонақжай, жәрдемшіл, кешірімді болу осы өмірде де, ақыретте де пайдалы болары сөзсіз.
Алла Тағала баршамызға көршінің ақысын беріп, тату-тәтті өмір сүруді нәсіп етсін!
Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,
аудандық мешітінің бас имам