“ТАЗА ЖАҒАЛАУ” ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Ақтөбе облысының үздік орындар тізіміне енген Қарғалы су қоймасы — өзінің табиғи, жап жасыл қайталанбас әсемдігімен, үйлесімділігімен адам жанын өзіне баурап алары сөзсіз. Оның аумағы 35 шаршы километрден астам жерді құрайды. Жасанды көл Орал таулары сілемдерінің көрікті жерінде орналасқан және көптеген ақтөбеліктердің сүйікті демалыс орнына айналған. Соңғы кездері біздің өңіріміздегі бұл жердің табиғатына қызығушылық танытып келетіндер аз емес. Алайда, таза ауасымен тыныстап, әсем табиғатында демалушылардың көп жағдайда қоқыстарын шашып кететіні көңілімізді қынжылтады.

         Табиғатын таңдап, оның әсемдігі жаныңа рахат сыйлатын жерде демалып, тазалығына немқұрайлық таныту адамгершілікке жатпайды. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында  өткен аптада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Қарғалы су қоймасының жағалауында экологиялық акция ұйымдастырылды.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен акцияның мақсаты — су қойманың жағалауын тазалау және санитарлық тәртіпті сақтау, сондай-ақ қоршаған ортаға қамқорлық танытуды жастар арасында  дәріптеу.

Бұл акцияға Бадамша, Қосестек, Шәмші ауылдық округтерінен келген еріктілер мен жас мемлекеттік мекеме қызметкерлері белсенділік танытып қатысты. Нәтижесінде, туристердің сүйікті демалыс орнына айналған су қойманың жағалаулары қоқыс қалдықтарынан тазартылды. Аталмыш акцияға  аудан басшысы Асқар Жүсібалиев те қатысып, қолдау білдіріп, тазалау  жұмыстарының барысын бақылады.

Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы да атқарылған тазалық жұмыстары жайында  өзінің пікірін білдірген еді.

— Тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан да, жастарымыз акцияға аса белсенділік танытып, игілікті істердің үлгісін көрсете білді. Тұрып жатырған жеріміздің мәңгілік жасыл табиғаты мен таза ауасы және де  болашағы  үшін алдағы уақыттарда да осындай игі іс-шаралар ауқымды түрде жүргізіліп тұрады.  Өлкеміздің күн санап көркейе беретініне сенеміз.  Жер ортақ болған соң, оның табиғаты да ортақ, болашақ ұрпағымыз үшін аманат. Ендеше, аманатқа қиянат жасамай, барша аудан тұрғындарын әркез тазалық пен сенбіліктерге белсенділік танытуға шақырамын. Табиғатымен көпшілікті таң қалдырып жүрген өлкемізді ең алдымен өзіміз бағалап, аялайық дегім келеді,-дейді Мейіржан Жұбан.

«Тазалық — саулық негізі» дейді дана халқымыз. Тазалық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді болары хақ. Сондықтан да, өңіріміздің белсенді жастары көрікті мекеніміздің келбеті мен  қоршаған ортаның тазалығы үшін өздерінің септігін тигізді. 

Жұлдыз КЕНЖЕ