КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ КӘСІБІ

КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ КӘСІБІ

Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп жүрген еңбекқор жастар жетерлік. Осы ретте біз аудан орталығындағы «Мұстафа» кафесін ұйымдастырып отырған отбасының ұйытқысы Мөлдір Жанахметпен сөйлестік.

Еліміз Тәуелсіз алған алғашқы жылдары, яғни, 1992 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қоскөл ауылында дүниеге келген Мөлдір Сағынқызы — бүгінде көпбалалы ана. Жолдасы Дәурен Мұханов екеуі төрт ұл тәрбиелеп отыр. «Байлығымыз — балаларымыз» деп білетін жұбайлар әңгіме арасында бос уақыттарын балапандарына арнап, бірге қыдырып, бірге ойнап, атқа мінгізіп, табиғат аясына шыққанды жақсы көретіндерін де айтты.

— 2012 жылы тұрмыс құрдым. Бір жылдан соң жолдасым Дәурен екеуміз «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Степной ауылына жұмысқа келдік. Содан 2021 жылға дейін мен Қарғалы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі, Степной модельді ауылдық кітапханасында кітапхана меңгерушісі қызметтерін атқардым. Арасында қолым қалт еткен сәттерде кондитерлікпен айналысып, әртүрлі тәттілер пісіріп, қосымша табыс тауып жүрдім. Екі жыл бұрын бала күтіміне байланысты демалысқа шығып, жолдасымның жұмысына байланысты Бадамшаға көшіп келдік. Аудан орталығына келгенде кондитерлік кәсібім жүрмей қала ма деген қорқыныш болды, бірақ жолдасымның ерекше қолдауының арқасында кәсібімді тоқтамады. Керісінше тұрақты тұтынушыларымның қатары көбейді. Әуелі дүкен ашып, кенжеміздің есімімен «Мұстафа» деп атадық. Кейін кафе ашып, күнделікті ыстық тағамдар пісіріп, кондитерлік өнімдер мен жартылай дайын өнімдерді жасап қоятын болдық. Осылайша отбасылық кәсібімізді жүргізіп отырмыз, — дейді Мөлдір Сағынқызы. Сондай-ақ ол әзірге тағамдарды кәсіби аспазшы Гүлзат Дінмәнбет екеуі жасап жүргенін, алдағы уақытта тағы да жұмысшылар қажет болатынын айтты.

КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ КӘСІБІ

Жас кәсіпкер Мөлдір Сағынқызы іскер әйелдер қауымдастығына мүше. Былтыр жыл соңында өткен үлкен форумға қатысып, көптеген іскер әйелдермен танысып, көп сабақ түйіп қайтқанын ризашылықпен жеткізді.         Өзінің айтуынша, бұған дейін ешқандай шеберлік сыныптарына қатыспаған. Ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында көп нәрсені әлеуметтік желілерден көріп, оны тәжірибеде жасап көріп, үйреніп жүр. Табанды келіншек «ынта-ықыласы болса, әйел жасай алмайтын дүние болмайды» деп есептейді. Әрине Мөлдір Сағынқызы қолға алған кәсібін кеңейтіп, одан әрі дамыту үшін алдағы уақытта мықты шеберлерден дәріс алып, біліктілігін көтеруді жоспарлап отыр.

Айтпақшы, кейіпкеріміздің әкесі де, шешесі де мал дәрігері болып қызмет атқарыпты. Ал бос уақытында гүл өсіргенді ұнататын Мөлдірдің мамандығы — биология пәні мұғалімі. Ендеше шағын дүкеннен басталған отбасылық кәсіп алдағы уақытта мал шаруашылығына қарай кеңейіп жатса, таң қалуға болмас.

Алина Мухамедиярқызы.