Медицина қызметкерлері күніне орай аудан әкімінің құттықтауы
Құрметті денсаулық сақтау саласы қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күні біз кәсіби қызметі адамгершілік пен мейірімділік, адам баласына қамқорлық аясында өрбитін дәрігерлерге, мейірбикелерге, санитарларға, барлық денсаулық сақтау қызметкерлеріне шын пейілден шыққан алғыс сезімін білдіреміз.
«Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыздың сөзі бекер айтылмаған. Ауырсақ тәнімізді емдеп, жанымызға шипа сыйлайтын дәрігерлер құрмет тұтуға лайықты жандар. Олардың тәулік бойы көз ілмей, тәуекелге бел буып, тынымсыз кешетін тірлігін жанкештілік деп бағалау керек. Бұл мемлекеттің ел медицинасына көрсетер қолдауы зор екенін білдіреді. Өз кезегінде денсаулық сақтау мамандары да азаматтарға сауатты, сапалы қызмет көрсету керек екенін ұмытпаған жөн.
Осы жаңа әлеуметтік саясатты өңірімізде толыққанды іске асыру үшін барлық жағдайлар жасалуда. Ауданда денсаулық сақтау саласы автокөліктермен, қазіргі заманғы техникаларымен және құрал-жабдықтармен жетілдіріліп, қызметкерлердің еңбек жағдайлары жақсаруда. Мұның бәрі халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттырып, әр отбасының, әр қарғалылықтардың денсаулығына игі әсерін тигізеді.
Медицина ғылымы қаншалықты жетілгеніне, денсаулық сақтау қызметіне небір ғылым жетістіктері қолданылатынына қарамастан дәрігердің рөлі, оның адам тағдырында алатын орны бұрынғы мәртебесінде қала береді. Оның тұлғасы, кәсіби шеберлігі, қолы да, сөзі де сырқат үшін теңдесі жоқ шипа, баламасы жоқ ем.
Біз қасиетті – әрі жауапты мамандықты таңдаған, адам өміріне араша болған дәрігерлерге әрдайым алғыс сөзімізді айтамыз. Қай уақытта да халықтың ыстық ілтипатына, үлкен құрметіне бөлене беріңіздер. Сіздерге мықты денсаулық, адам денсаулығы күзетіндегі тынымсыз қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Құрметпен, аудан әкімі А.Жүсібалиев