Ауылға кіндігі байланған аға

АСҚАРЫМ БАР, ӨТЕ БИІК «ӘКЕ» ДЕГЕН

Былтырдан бастап елімізде  әкелер күні атап  өтіліп келеді. Бұдан бұрын 23 ақпан — Кеңес әскерінің құрылған күні, одан соң еліміз тәуелсіздік алғаннан  кейін 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні деп ер азаматтарға құрмет көрсетілсе, енді  күнтізбеге арнайы  «Әкелер күні» қосылды. Әрине, бұл мерекенің орны бөлек, мәні зор. Өйткені, айтулы мереке еліміздегі отбасылық құндылықтарды ілгерлетуге, отбасы институтын нығайтуға, сондай-ақ, қоғамдағы әкелер  беделін дамытуға ықпал етеді. Мұндай мереке көптеген әлем елдерінде бар. Ендеше, аналарға тірек, балаларына қорған болып жүрген әкелерді құрметтеу де заңдылық.

Осы орайда біз де  әкелерді ардақтар мереке қарсаңында ауданымыздағы  көп балалы отбасының әкелерімен тілдескен едік.

Мен жазбамның тақырыбын бұлай таңдауым жайдан-жай емес. Жаныс ағамыз көненің көзіндей, тарихтың өзіндей кешегі кеңес дәуірінде қой санын 50 миллионға жеткіземіз деген ұранмен кеңшарда маңдайы терлеп, ауыл шаруашылығын дамытуға аянбай еңбек еткен жан. Зайыбы Сәнтай екеуі  құдай берген ұрпақтарына аяулы ана, қадірлі әке бола білді. Ауылдарында экологиялық жағдай қиындаған шақта, бірқатар ауылдастары қалаға көшкенде, ауылдан-ауылға бет бұрған жарасымды отбасының ұл-қыздары  ауылда өссе де ешкімнен кем емес. Жалпы айтқанда оқып-тоқып, ата-ана мейіріміне беленіп жүр.

Жаныс Мысаев Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарақұм ауылдық округінде 1940 жылы тамыз айында дүниеге келген. Анасы 14 жасында өмірден озса, әкесі елге танылған би, орақ тілді адам болып, талайларға ақыл кеңесін бере жүріп 84 жасында дүниеден өтіпті. Кейіпкеріміз 1947 жылы Арал қаласындағы мектеп табалдырығын аттап, 1957 жылы мектеп бітіріп, еңбек жолын өзі өскен кеңшардан бастап, үш жыл еңбек етеді. Жас жігіт 1960  жылдың 22 маусымынан бүгінге дейін 64 жыл сенімді серігі болған, 10 баланың анасы «Батыр ана» жары Сәнтаймен бас қосады. Жас жұбайлар өмір баспалдағын бастаған албырт шақта, отау құрған жылдың қараша айында әскери борышын  өтеуге  аттанып, Ресейдің Новосибирск қаласында үш жыл әскери борышын өтеген. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезінде ауылдағы жарына сағыныш хаттарын  жолдап тұрған кездері де есінде.

1963 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін, кезінде ауыл жастарына арман болған Алматы зооветеринариялық институтының мал дәрігерлік факультетіне түскен. 1968 жылы шілде айында білдей мал дәрігері болып оралған жас маман, 90 мың бас қойды өсіріп отырған өзі өскен ауылының  Қарақұм кеңшарына мал дәрігері болып жұмысқа орналасады. Өз ауылында 27 жылдай қара қойдың қысы-жазы таусылмайтын жұмысының ортасында малшаруашылығын дамытуға бір кісідей еңбек етеді. Алайда зейнет жасымда да ауылыма пайдам тисе деген арманы ауылындағы экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты басқа өңірлерге жылыстаған. Осылайша, көппен бірге бүгінгі күні құтты мекен болған Қарғалы өңіріне көшті түзеп, 1997 жылы ауылда өскен ел ағасы Жосалы ауылына көш басын тірейді.

Қарап отырсақ, Жосалы ауылына келгендеріне де 27 жылдай уақыт болыпты. Жақсыға қайда да ниет ортақ, төрден орын бар ғой. Кейіпкеріміз елді, ел бұл кісіні таныды. Жасы келсе де ауылдағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген ауыл ақсақалдарының бірі. Бұл кісіні ауыл-аймақ та осы өңірдің тума төліндей құрмет тұтады. Жоғарыда айтқанымыздай 10 баладан екі ұлдары жастай өмірден өткені жанға да  батады. Қалған балалары ауыл- аймаққа сыйлы азаматтар. Бәрі де қоғамдағы өз орындарын таба білген, елдің елеулі балалары деуге болаларлықтай кішпейел,еңбекқор жастар. Бүгінгі күні 7 келінге ата-ене, 25 немере, 6 шөбере, 5 жиеншардың күлкісіне кенеліп отырған  алтын құрсақты ана, көп балалы әке. Бір сөзбен айтқанда жүріп өткен өмір белесінде  барға риза жандар.

Біз де өткен жылдан бастау алған «Әкелер күні» мерекесіне орай кейіпкерімізге мына жыр-шумақтарын арнаймыз.

Шіркін-ай,  өтіп жатыр  өмір белесі,

Көрінді сексенбестің де төбесі.

40-шы жылы  тамызында туған сәби,

Бұл күнде он баланың  әкесі.

Әлі де талай жасаңыз мәнді жасты,

Жарыңыз бірге  болсын жарасымды.

Әкелер күніне жеткізген бұйырымыспен,

Есіміңіз көп балалы әке деп аталды,-дей келе, арамызда ардақ тұтар көпті көрген әкелеріміз аман болсын дейміз!

 Бақыт ИМАШЕВ