НҰРАТАДА ДҮБІРЛІ ТОЙ ӨТТІ
Баршаңызға мәлім, қазақ халқының әйгілі үш биі бар. Ол ұлы жүздің биі Төле би, орта жүздің биі Қазыбек би, кіші жүздің биі Әйтеке би.
Әйтеке би бабамыз кіші жүздің Әлімінен тараған төртқара руынан шығады. Қазақтың атақты шешен биі, ел бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан мемлекет қайраткері. Ол Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Нұрата ауданында жерленген. Сол жерде ұрпақтары үлкен кесене салдырған. Қасында туған атасы Сейітқұл әулие бабамыз жерленген.
Биыл Әйтеке би бабамыздың туғанына 380 жыл толды. Осыған орай мамыр айында Өзбекстанның Нұрата ауданында үлкен мерейтой ұйымдастырылды. Іс-шараға Әйтеке бидің ұрпақтары, соның ішінде Өзбекстанда тұратын қазақтар, Қазақстанның бірқатар аймақтарынан, соның ішінде Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларынан көптеген қонақтар қатысты. Жалпы дүбірлі тойға көп халық жиналып, өзге елдердегі бауырластар бас қосты. Біз де бұл шараға отыз шақты азамат болып арнайы Ақтөбеден бардық.
Сондай-ақ, іс-шараға Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов пен қазақстандық дипломаттар қатысты.
Осыған орай, Навои облысының хокимі Нормат Турсунов іс-шараға қатысушылармен кездесу ұйымдастырды, онда дипломатиялық миссия басшысы Б.Атамқұлов екі халықтың ортақ тарихы мен қазіргі кезеңде Қазақстан-Өзбек қатынастарының нығаюы туралы айтып, ризашылығын білдірді.
Іс-шараға жиналғандар әуелі Нұрата тауы маңындағы кесенеге барып, баба басына зиярат етті, артынша ас берілді. Тұтас қазаққа қадірлі тұлғаның өнегелі өмір жолы халықаралық ақындар айтысында насихатталып, одан кейін Кенимех ауданында көкпар берілді.
Мерекеге орай Қызылорда облыстық филармониясының шығармашылық ұжымы, үш мыңнан астам адамды жинаған қазақстандық эстрада өкілдерінің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.
Жергілікті халық өте жақсы қабылдады. Облыстың көпшілігі қазақ халқы. Науаи облысы бойынша 60 қазақ мектебі бар екен. Науаи қаласындағы университетінде 10 факультет қазақ тілінде оқытылады.
Қазақтың қамын ойлап, еліміздің бірлігін бекемдеуге атсалысқан тұлғаға арналған мерейтой үлкен деңгейде өтті. Киіз үй тігіліп, келген қонақтарға ас берілді. Әр жерден келген ағайындар бас қосып, бәрі ризашылығын білдірді. Қазақ халқының рухын көтеріп, ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, қайтар бағытымызда келе жатып Самарқанға соқтық. Сол жерде қазақ халқының батыры Жалаңтөс Баһадүр жерленген. 40 жыл бойы Самарқанның әмірі, билеушісі болған. Әйтеке бидің туысы, Сейітқұл әулиенің ұрпағы. Бәріміз басына барып, зиярат еттік.
Ең бастысы бұл сапарымыз өте тарихи құндылықтарға толы болды. Алған әсеріміз бен түйгеніміз өмірімізге азық. Мұндай іс-шаралардың маңызы зор деп білемін. Сапарымызда бабаларымызға құран бағыштап, елдің тұтастығын, халқымыздың амандығын тіледік. Алла Тағала тілегімізді қабыл етсін!
Зейнолла ЕЛШІБАЕВ