КӨКТЕМГІ СЕНБІЛІК БАСТАЛДЫ
Көктем мезгілі жаңару мен жаңғырудың, түрлену мен гүлденудің, сондай-ақ, тазалықтың айы. Осы орайда Мемлекет басшысы да жергілікті көшелерді тазартып, көгалдандыру мен абаттандыруға байланысты тапсырма берген еді. Президент тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алып, қарқынды тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Бұл акция әр аптада белгілі бір тақырыппен өтеді. Сенбіліктің алғашқы аптасы «Таза өлке» деген атаумен өтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатындағы игі бастамаға барлық мекеме-кәсіпорын басшылары мен ұжым қызметкерлері белсенділік танытты.
«Тазалық-табалдырықтан басталатынын» ескерсек, акция аясында қатысушылар ең алдымен өздерінің мекемелерінің, аулаларының аумағынан басталған тазалық шарасына бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Өйткені, тазалық жинаған жерде емес, сақталған жерде болады. Сондықтан да, өзің ауасымен тыныстап тұрып жатырған жердің тазалығы ортақ.
Ендеше, екі ай бойы аптасына бір рет өткізілетін сенбілікке ауданның әрбір тұрғынын өз ауласының тазалығына көңіл бөліп, қоршаған ортаны ластамай, тазалық акциясының алдағы науқанына да белсенді атсалысуға шақырамыз!
Естеріңізге сала кетейік, жылдағы үрдіске сәйкес өткізілетін сенбілік жұмыстары қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, алдағы апта, яғни 20 сәуір күні өтетін тазалық шарасы «Киелі мекен» атауымен тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА