Адам құқығы ‑ ең басты құндылық

Әр адам — жеке тұлға. Ол дүние есігін аша салып, қоғамның бір мүшесі болып саналады. Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Ал қоғамда ұстану керек және өзгелер ұстанатын құқықтар болады. Тек қана қоғамда, басқа адамдармен өзара байланыста болса ғана адам толыққанды өмір сүріп, қуанып, жақсы көріп, жолдастық, достық қатынаста болып, жұмыс істеп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алады. Қоғамдағы нормаларды ұстану және оған қарсы шықпау арқылы ғана адамдар бір-бірінің арасындағы ынтымақтастықты, ешкімге зиянды болмауды, басқалардың алдындағы беделін, өзінің принциптары мен нормаларын сақтап қалады.

«Адам құқығы деген не? » деген сұрақ әр адамда туындауы мүмкін. Адам құқықтары ‑ бұл теңдік пен әділеттікке қатысты принциптер жиынтығы. Олар біздің өмірімізге қатысты таңдаулар жасауға және адам ретінде әлеуметтенуімізді, біздің бостандығымызды мойындайды. Мысалға алғанда біздің өмір сүру құқығымыз, қылмыс жасады деп айыпталған кезде әділ соттың көмегімен шешу құқығымыз, азаптаудан, қинаудан және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын әрекеттерден сақтануға және де азаттық, сөз бостандығы, діни ‑ сенім бостандығы, тегін білім алу құқығымыз бар. Адамдар басқалардың құқықтарын ескере отырып, өз құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге міндетті. Мысалы, біреу өзінің сөз бостандығына құқығын пайдаланса, ол мұны басқа біреудің жеке өміріне қол сұғылмау құқығына кедергі келтірмей істеуі керек.

Адам құқығын «әмбебап» дей аламыз. Себебі ол кедей мен байға, кәрі мен жасқа, ерлер мен әйелдерге, біздің шыққан тегімізге, не ойлайтынымызға, сенетін наным ‑ сенімдерімізге қарай бөлінбейді. Адам құқықтары бірнеше бөлімдерге бөлінеді. Солардың негізгілерінің бірі де, бірегейлері: азаматтық және саяси құқықтар болып табылады. Оларға сайлау құқығы, жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы, сөз бостандығы және азаптаудан бас тарту сияқты құқықтар кіреді.

Қазақстан ‑ құқықтық мемлекет. АтааЗаңның алғашқы бабында «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы ‑ адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Сонымен қатар мемілекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаевтың  «Мен адам құқықтарын қорғау бағытына ерекше назар аударамын, өйткені оның жай-күйі, сайып келгенде, біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді» деген сөздерінен біздің мемілекетіміз адам құқықтарын алғашқы орындардың біріне қоятыны белгілі.

Неліктен адам құқықтары маңызды?  Толеранттылық, теңдік және құрмет құндылықтары қоғамдағы үйкелісті азайтуға көмектеседі. Адам құқықтары жөніндегі идеяларды іс жүзінде қолдану бізге өмір сүргіміз келетін қоғамды құруға көмектеседі. Соңғы онжылдықтарда адам құқықтары жөніндегі идеялар туралы ойлау және қолдануда орасан өсу болды. Бұл көптеген оң нәтижелерге әкелді ‑  адам құқықтары туралы білім жеке тұлғаларға күш-қуат беріп, нақты мәселелердің шешімдерін ұсына алады. Адамиқұқықтары қоғамның барлық деңгейінде ‑ отбасында, қоғамда, мектепте, жұмыс орнында, саясатта және халықаралық қатынастарда адамдардың басқалармен қарым-қатынасының маңызды бөлігі болып табылады. Сондықтан барлық жерде адамдар адам құқықтарының не екенін түсінуге ұмтылуы өте маңызды. Адамдар адам құқықтарын жақсы түсінсе, оларға әділдік пен қоғамның әл-ауқатын арттыру оңайырақ болады.

А.САНДУАҚАС,

 аудандық сотының бас  маманы — сот отырысының хатшысы

ТегтерЗаң