АМАЛ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

   Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында тойланатын Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек. Өткен жылдан жаңа жылға аман-есен жеткендігіне шүкір айтып, қытымыр қыстың кері шегініп, жер аяғы кеңіп, жер-дүниенің гүлденіп, ел бұл күні қол алыса жамырай көрісіп, құшақ айқастыра жадырай қауышады.

         Осы мақсатта биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдасы әзірленді. Яғни, 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланған еді. Оның алғашқы күні Амал мерекесінен бастау алды. Олай болса қарғалылықтар бұл мерекені қалай атап өтті?

ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Халқымызда «ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген даналы сөз бекер айтылмаған. Елдің берекесі мен жас ұрпақтың өнегесіне әр уақыт қолдау көрсетіп, ел келешегінің жарқын жолын жарасымды жалғап келе жатқан қазыналы қарттарға құрмет көрсету әрбір адамның азаматтық парызы.

Осы орайда Көрісу күні аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев пен өзге де мекеме басшылары ауыл қарияларына құрмет көрсетіп, сәлем беру мақсатында үйлеріне арнайы барып, мерекелерімен құттықтады.

Ауданымыздың дамуы жолында  түрлі салада аянбай еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлерімізге сый-сияпаттар табыс етті. Өз кезегінде ардақты ардагерлеріміз баталарын беріп, алғысын білдірді.

«Сыйласаң кәріңді, жарылқаймын бәріңді!»,-демекші үлкендерімізге құрмет көрсетіп, сыйластық таныту келешек ұрпаққа өнегелі іс болып қала бермек.

 

ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРДІҢ ІЗГІ ІСІ

14 наурыз күні аудандық Іскер әйелдер қауымдастығы Амал мерекесіне орай Бадамша ауылдық округінің ғимараты алдында мерекелік іс-шара өткізді.

Қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген өлкеміздің бір қатар белсенді нәзік жандылары басы қосып, ауыл тұрғындарына қазақтың ұлттық тағамдарын тегін тарту етті.

Сондай-ақ, жақсы дәстүрдің жаңа сипаты соңғы кезде кеңінен аталып өтіп келеді. Таңның атысымен-ақ, көрісе қалған ауыл тұрғындары бір-біріне «Жаңа жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!»,-деп қол алысып, төс қағыстырып мәре-сәре болды.

Аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Надежда Заглядова бастаған ұжым мүшелері ұлттық киім үлгісімен жарасым тауып, тұрғындарға бауырсақ пен ірімшік, құрт, жент, т.б. тағам түрлерін таратты. Аудандық балалар өнер мектебінің ұжымы қазақтың ұлттық аспаптарымен күй шертіп, ән айтып тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бірлік пен ізгілікке бастар бұл мерекеде үлкен де кіші де мәз болып, өздерінің жылы лебіздері мен мерекелік құттықтауларын жеткізді.

Айта кету керек, аталмыш ұйым мүшелері қай кезде де тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешіп қана қоймай, қоғамдық істерге де ұдайы  ауызбіршілікпен белсенділік танытып келеді.

 

АМАЛ КЕЛДІ-ЖЫЛ КЕЛДІ

Осындай атаумен аудандық орталық кітапханада бауырсақ пати іс-шарасы ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – Көрісу күні туралы көпшілікке түсінік беру, насихаттау. Қазақ халқының салт-дәстүрін көрсету. Тұрғындардың кітапханаға деген қызығушылықтарын оятып, оқырман ретінде тарту.

Бұл күні таңнан басталған іс-шара күн ұзағына дейін жалғасты. Мерекеге ауыл ақсақалдары мен қарапайым тұрғындар және де мекеме-кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Үлкендер бір-бірімен көрісіп, жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты іс-шараның ашылуында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Тілектес Шыңдаулова барша тұрғындарды Амал мерекесімен құттықтады.

Сондай-ақ, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыржан Бисенов ағамыз да сөз сөйлеп, мерекемен құттықтап, бұл мерекенің мән-мағынасына тоқтала келе, жүрек жарды лебізін жолдады.

Оған қоса мәдениет үйінің көркем өнепаздары мен балалар өнер мектебінің ұжымы  мерекелік бағдарлама ұсынып, әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп, жарапазан айтып, қазақтың қара домбырасының үнін әуеде күмбірлетті.

Шараны аудандық орталық кітапхана ұжымы жүргізіп, оқырмандарына ерекше көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік бағдарлама соңында көрермендер дастархан басындағы астан дәм татып, наурыз мерекесінің сәнін келтірер наурыз көжеден, яғни ағарғаннан ауыз тиіп, ауыл ақсақалы Сүлеймен Умаров көпшілікке ақ батасын арнады. Шара соңында қатысушылардың барлығына ыстықтай бауырсақтар үлестірілді.

 

ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР НАСИХАТТАЛДЫ

Амал мерекесіне арналған бағдарлама аудандық мәдениет үйінде жалғасып, «Наурыздың жаршысы – көрісу күні» атты мерекелік іс-шара өтті.

Бұл шара мәдениет, өнер мен ұлттық салт – дәстүрге арналды. Негізгі мақсаты – халқымыздың дүниетанымы, салт – дәстүр, әдет – ғұрпы мен жөн-жоралғы, наным-сенімін, халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі, төл мәдениетіміздің алтын арқауы ұлттық ұстанымын насихаттау.

Мәдениет үйінің фоесінде өткен шараға ауыл тұрғындары жиналып, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің көрінісін тамашалады. Ұлттық нақышта безендірілген сахна көздің жауын алардай, көрермендерді ерекше ықыласқа бөледі.

Шара барысында ұлтымыздың беташар мен балаға азан шақырып ат қою рәсімдерін аудандық мәдениет үйі өнерпаздары сахналық қойылым ретінде көпшілік назарына ұсынды. Ең алдымен қазақтың «Беташар» рәсімін жасап, әулетке келін түсіріп, асаба келіннің бетін ашты. Домбыраның қоңыр үнімен ән әуелеткен асаба жаңа түскен келінге көрермендер үшін де сәлем салдырды. Ал қойылымды тамашалаған көрермендер де беташардың рәсіміне  сай ақша салып, мәре-сәре болысты.

Одан соң сахналық қойылым «Балаға ат қою» рәсімімен жалғасты. Мұнда да мәдениет үйінің қызметкерлері салт-дәстүрді шынайы оқиғаның желісіне сай сахналап, жаңа туған ер балаға шариғат үкіміне сәйкес ат қойды. Сәбиге аудандық мешіт имамы Нұрлан Қырықбаев азан шақырып, жөн-жоралғыларын жасады.

Осылайша, жиналған халыққа қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, мәдениет үйінің көркем  өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мың бұралған билерін ұсынды. Сондай-ақ, барша көрермендерге ұлттық тағамдарымыздан дәм ұсынылды.

Шара соңында сөз алған аудандық мәденит үйінің директоры Шапағат Аманжол мерекелік құттықтауын жеткізіп, тұрғындарға ерекше ықылас сыйлап, сахналық қойылымға үлес қосқан жандарға алғысын білдірді.

 Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА