Тарас Шевченко жайында не білеміз?

1814 жылдың 9 наурызы украиндық ақын әрі суретші Тарас Шевченко дүниеге келді. Оның әдеби және көркем өнер туындыларын әлем мойындаған. Тағдыр тәлкегімен біздің өңірге жер аударылған украин ақыны Тарас Шевченконың биыл 210 жылдығы аталып өтілуде.

Осы орайда аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова музейдің «Тәуелсіз Қазақстан» атты залында оқушыларға арнап дәріс өткізген болатын.

Шараның мақсаты — қазақ ұлтының салт-дәстүрін өлең шумақтарымен және де тыныс-тіршілігін суреттер арқылы бейнелеген  әйгілі  Украин казак ақыны, суретші, этнограф, қоғам қайраткері – Тарас Шевченко жайында мағлұматтар беру, тарихқа шолу жасау.

                     

-Осы мақсатта біз де музей қызметкерінен жалшыдан жаһан таныған ұлы суретшіге айналған ұлы тұлғаның біздің өңірімізбен  не байланыстыратынын сұраған едік?

— Шевченко өміріндегі қайғылы оқиғалар оны қазақ даласына алып келді. Ерте жетімдікті көріп өскен, ол бірдеңе білуге, бірдеңе үйренуге ынтық болады. Ақынға бұл атақ дәрежесі оңай келе қойған жоқ. Қысқаша тоқталып өтетін болсақ, 1847 жылдан 1857 жылдар аралығында Қазақстанға украин ақыны Тарас Шевченко жер аударып айдалған болатын. Әуелі Орынбор қаласына, одан соң 23 маусымда Орск қамалына келді. Жер аударылғандар: ор қазу, құдық қазу, Қарабұтақ ауылында форт салу сияқты ауыр жұмысқа жегілген болатын. Жазып сызуына қатаң түрде тыйым салынса да, ақын өлең шығарып, сурет салудан тыйылмаған. Оның «Қазақ шаңырағы», «Қазақтар жылқы үстінде», «Бақсы», «Байғұстар» сияқты суреттерінде қарапайым қазақтың өмір сүру салты бейнеленген. Сондай-ақ, аудандық «Большевик» совхозының екінші бөлігі Көл өзені бойындағы Шевченко ауылы да ақын шығармасында өзіндік орны бар. Күзетші П.Костюктің айтуынша, патшаның ел қоныстандыру саясатын жүзеге асыру кезінде ыңғайлы жер іздеген жүргіншілер қазақ ауылына жақын маңдағы Херсон өлкесіне көзі түскен екен. Көзі түскен маңда мемлекеттік  бірнеше құдықтар болған. Бұл құдықтарды жер аударылып келгендер қазған. Олардың қатарында украин халқының ұлы Тарас Шевченко да болған деседі. Күзетші Терентьевтердің айтуынша, құдыққа салынатын шегенде 1948 жылы келген Тарас Шевченконың есімі жазылған екен. Кейінірек, украиндық қоныстанушылар ақын есімін ауылға берген. 1913 жылы онда 75 отбасы болған,-деген ақпараттармен бөлісті Қымбат Сабыржанқызы.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА