Қолы құтты кіндік шеше

Қазақта әлбетте нәрестені алғаш қабылдаған адамды «екінші ана» деп құрметтеп, қолың құтты болсын деп жатамыз. Біздің де әңгімені осылай атаумыздың өзіндік себебі бар.

Заман талабына сай  перезентханада нәрестені алғаш қабылдап, қасиетті кіндігін кесіп, жөргекке алғаш орайтындар акушерлер екені шындық. Сондықтан да, алғаш қабылдаған мейірбикелерді шынайы «кіндік шеше» деуге де болады.

Ауылдық амбулаторияда перзентхана болмағандықтан бірнеше сәбидің кіндігін кесуге мүмкіндік болмаса да  6 сәбидің кіндігін әр қалай кесіп, ерлікке пара-пар тер төккен ақ халатты абзал жанның бірі —  Жанна Абрашева. Ол Желтау ауылдық округіне қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылдық амбулаториясының  акушер – медбикесі.

Біздің кейіпкеріміздің дәрігерлік мамандыққа бет бұруы да жайдан-жай емес еді. Оның бұл саланы таңдауына әкесінің  46 жасында ауырып дүниеден өтуі  себепші болған.  Ең болмағанда өзге жанға пайдам тисе деп  дәрігерлікті таңдадым,- дейді Жанна.

Сонымен,  Жанна Макашқызы Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы (қазіргі Алматы ауданы), Ақшат ауылында, әкесі Макаш механизатор, анасы Насипа  кітапханашы отбасында 6 баланың үшінші перзенті болып 1969 жылдың мамыр айының 4 жұлдызында дүниеге келеді.

Ақтөбе қаласына  қарасты Пригородный ауылындағы орта мектебін бітіріп,1986-1969 жылдар аралығында Ақтөбе медициналық училищесін  тәмамдайды. Жас маман 1969-2005 жылдар аралығында кезіндегі Александров  (қазіргі Ш.Қалдаяқов) ауылының дәрігерлік амбулаториясына жұмысқа орналасады.  Түрлі себептермен 2005-2017 жылдар аралығында осы ауылдағы Пацаев ЖШС-де  авто-жанармай  бекетінде қызмет етеді.

2017 жылы өзінің байырғы мамандығымен Ш.Қалдаяқов амбулаториялық емханасына акушер болып қайта жұмысқа тұрып, күні бүгінге дейін еңбек етуде. Кезінде елге келген COVID 19 індеті кезінде нағыз аурудың ошағы іспеттес, аудандағы Ресей мен Қазақстаның арысын бөліп тұрған Әлімбет шекаралық бекетте ковидті анықтау зертханасында да еңбек еткен медбикелердің бірі. Жолдасы Амангелді екеуінің отау құрғанына 35 жыл. Кейіпкеріміз 55 жасты алқымдаған, жарасымды отбасы бір қыз, бір ұл өсіріп отыр. Қыздары Асел  Ақтөбе  қалалық ішкі істер департаментінде қызметкер, күйеу баласы автокөлік жүргізушісі. Ұлы Ануарбек те Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінде полиция лейтенанты болып қызмет жасайды. Екі жиен мен бір немеренің ата-әжелері, елге танымал да сыйлы азаматтар.

Қысқаша өмір жолын айта келе, аз да болса кіндік шеше болып, сәби қабылдаған тұстарына тоқтала кетейік. Жаннаның 20 жасқа толып, аталған училищені бітірер сәті. Ол кездегі  орта кәсіби оқу орындары диплом қорғауға өндірістік іс-тәжірибеге жіберетін.

Не керек Жанна Алматыдан Ақтөбеге бет алған ұзын жолдың бойында пойызда ең алғаш перзент қабылдап, кіндік шеше атанып, іс-тәжірибеден сүрінбей өткен маман деуге де болады. Одан кейін де әлі есінде 1989 жылдың 17 қыркүйек  айында Александровке жұмысқа келген кезі ауылда жағдай керім емес. Жас аналар  өз денсаулығына қарауға мұршасы жоқ кездер. Сол уақытта жас келіншекке  алдын-ала қойылған болжам егіз десе, егіз емес үшемді  үй жағдайында қабылдап, Ақтөбедегі перзентханаға сәбилерді аман жеткізген Жаннаның есінде сақталғаны соншалық, айы-күні жетпей жарық көрген шақалақтардың салмағын да жатқа біліп, 1-сі — 1,650кг, 2-сі — 1,700, 3-сі — 1,750 грамм деп көбейту таблицасын айтқан баладай жатқа айтқанына таң қаласың.

«Иә, қолың құтты болсын!»,- деген сөз осындай жандарға арналса керек. Қазіргі  уақытта үшемнің аналары Қосестек  ауылдық амбулаториялық емханасындағы қатардағы кіші медициналық қызметкер Аслан, Жасұлан, Руслан атты үш бала қазір ержеткен азаматттар. Олар қазір 35 жасты еңсерген. Аслан үйленген бір қыздың әкесі. Міне, бұл  біздің   ауыл акушерінің өмір жолы.

Әрине, еңбегіне қарай марапаты да жетерлік. Бәрін тізбей-ақ, 2023 жылғы кәсіби мерекелерінде өңіріне сән, еңбегіне мән берген  «Мейрім» медальі мейірбикенің мерейін өсіріп-ақ тұрғандай.

Біз де аяулы жандар мерекесі алдында, шыр еткен сәбидің үнін алғаш естіп, кіндігін кесіп, жөргекке орап, перзенттерді талбесікке аман  жеткізген ана-дәрігерлердің бесік жыры әр шаңырақтың әнұраны болып шырқала берсін деп тілейміз!

 Бақыт ИМАШЕВ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.