Ен даланы жайнатқан ауыл
«Степь» сөзін орыс тілінен аударғанда «дала» деген ұғымды білдіреді. Ендеше қазіргі Степной ауылдық округі Кеңес дәуірінде іргелі мал бордақылайтын кеңшар болғаны көпшілікке мәлім.
Бүгінгі күні облыс орталғынан 150 шақырым қашықтықта, шығысында Ресейдің Орынбор облысының Дамбар ауданымен, ал батысында Хромтау ауданымен іргелес жатқан елді мекен.
Облысқа танымал «Степной» ЖШС-і ауданымыздағы бірден-бір ауыл шаруашылығын дамытумен айналысады. Осы орайда өңірдің тыныс-тіршілігін білмекке округ әкімі Гүлмайра Нұреділовамен тілдескен едік.
Ауылдық округтің құрамына Степной мен Қайрақты ауылдары кіреді. Жалпы жер көлемі-96458 гектар болса, оның ішінде 67065 гектары ауыл шаруашылығы қажеттігіне пайдаланылады. Ауылдардағы тұрғындар саны — 872 адам. Оның ішінде Степнойда 571, ал Қайрақтыда 301 тұрғын мекен етеді. Округте «Степной» және «Қайрақты» 2 ЖШС-і мен 11 шаруа қожалығы бар. Шаруа қожалықтарының барлығы егістікпен және де мал бағып өсірумен айналысады. Сондай-ақ, ауылдың керек-жарағымен қамтып отырған 47 кәсіпкерлердің де еңбектері орасан зор.
Өткен 2023 жылы облыста жаппай қолдау тапқан «Ауыл аманаты» жобасына 16 адам қатысқан. Оның 14-і құс өсірумен, 1-уі шағын орта кәсіппен тағы 1 адам өндіріс цехын ашқан. Нәтижесінде бәрі де кәсіптерінің игіліктерін көріп отыр. Ауылдық округте екі орта мектеп, кітапхана амбулатория тұрғындар үшін қызмет етеді. Сонымен қатар, ауылда заман талабына сай клуб үйі мен «Ақбота» балабақшасы жұмыс жасайды. Және де жылдағы дәстүрге сай абаттандыру жұмыстары тұрғындармен бірге жүргізіліп келеді. Степной ауылішілік жолдары 7,5 шақырымды құраса, 1,8 шақырымы асфальтталған, оған қоса 2021-2023 жылдар аралығында 6 көше жөндеуден өткен. Қорыта айтқанда, жол мен көшенің жаңаруы 43 пайызды қамтиды. Бұл мәселе алдағы уақытта да жүзеге аса бермек.
2021-2023 жылдар аралығында Сәрке батыр, Абай, А.Жұбанов, Қонаев, Б.Момышұлы, М.Оспанов, Ә.Молдағұлова, Е.Ракчеева көшелері жөндеуден өтіп, жарық шамдары орнатылған. 2012 жылдан бері ауыл тұрғындарын әлеуметтік нысандарды қоса есептегенде 98 пайызы ауыз сумен қамтылса, елді мекен 2014 жылдан бері көгілдір отынға қосылған. Өткен жылы ауылдық округте шағын орта кәсіп, өндірістік цехы іске қосылып, балалар ойын алаңы ашылып, Beeline ұялы байланысының 4G күшейткіш мұнарасы орнатылған. Өткен жылда атқарылған жұмыстар аз емес. Десе де, халық бар жерде, олардың жақсы өмір сүрулері үшін шешілуі тиіс мәселелер уақыт еншісінде шешімі табыла бермек. Атап айтар болсақ, жол мен көшелердің жаңартылуы, жарықтардың орнатылуы сынды тағы да басқа әлеуметтік мәселелер.
Биыл Қайрақты ауылындағы Әбілхайырхан көшесін тегістеп, жарық шамдарын орнату жұмыстары қолға алынбақ. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша тұрғындардың жеке кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасау. Ауылымыз әрқашанда жүрегі жомарт, мейірімді жандардың арқасында өркендеп келеді.
Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, әңгіме соңында округ әкімі қай кезде де өлкеміздің дамуына қол ұшын беріп, қамқоршы болып жүрген еңбек адамдары мен ауыл жанашырларына алғысын да білдірді.
Расында, еңбек еленгенге не жетсін. Ауылдағы жақсылардың жанашырлығы мен іскер азаматтардың өрге басқан кәсіптері, бірлігі жарасқан тұрғындардың ауызбіршілігі елді мекеннің ажары ашыла түсетініне тағы да көз жеткіздік.
Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»