«Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз
1913 жылдың 2 ақпанынан бастап оқырманға жол тартқан «Қазақ» қоғамдық және әдеби газетінің 1918 жылға дейін 266 саны шығып үлгеріпті. Газет Орынбор қаласында 1915 жылға дейін аптасына бір рет, 1915 жылдан аптасына екі рет шығып тұрған. Таралымы — 3000, кей жылдары 8000-ға дейін жеткен.
Газеттің №1 санында бірінші редакторы Ахмет Байтұрсынұлының оқырманға арналған мынадай ғибратты үндеуі жазылған: «Әуелі газет — халықтың көзі, кұлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ. Екінші, газет — жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет — халыққа білім таратушы.Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртіншісі, газет — халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады.Газеттің пайдасын білімді, өнерлі халықтар көбірек біледі.Сондықтан неғұрлым білімді, өнерлі халық болса, солғұрлым газет-журналдары көп».
Газеттің аты мен міндеті туралы былай деп жазыпты: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың ардақты аты деп, газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып көмектесіп, қызмет ету —қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі —осы. Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенше істеп кетелік».
Газет қолдан-қолға, ауылдан-ауылға өтіп, тозып жетіп, жыртылғанша оқылған. Оны сол заманда Дала және Түркістан уалаяттарына немесе 9 облыс және 1 губернияға бөлінген (Қыр баласы. Қазақ. «Қазақ» газеті, 1913 жыл, №8) Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жұрт жаздырып алған.
«Қазақ» газетін метрополияның Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейінгі университеттерінде білім қуып жүрген қазақ студенттері жаздырып оқығаны туралы деректер кездеседі. Аз уақытта «Қазақ» 5 миллионға жуық көшпенді халықтың көпшілігі білетін басылымға айналды.
Айналдырған 5 жылдың ішінде (1913-1918 жылдар) алдағы 100 жылдың қамын жасап кеткен «Қазақ» газетінің 265 саны жарық көрген.
Газеттің бір жылға жазылу құны — 3 рубль, жарты жылға — 1 рубль 75 тиын, 3 айға — 1 рубль, жекелеген нөмір бағасы – 5 тиын болды.
Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, қазақ шаруашылығының жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған құнды материалдар жарияланды.
Өлкетанушы, ҚР Мәдениет қайраткері Қайролла Мұқанов ««Қазақ» газеті және оның тілшілері» деген («Ана тілі» газетінің 2018 жылғы 1 ақпанында шыққан нөмірінде — ред.) мақаласында газеттің бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлы мәдени-ағартушылық мәселелерімен көбірек айналысқанын, Әлихан Бөкейханов — саяси-экономикалық, Міржақып Дулатов өнер, тарих жағына көбірек көңіл бөлгенін жазған. Сондай-ақ басылымға көптеген қазақ зиялылары өздерінің ел қамына жанашырлығын білдірген мақалаларын жазып тұрғанын айтыпты.
Алайда отаршыл империя заманынан аман шыға білген «Қазақ» газеті Кеңес үкіметінің Қазақстанға билік орнатуға тырысқан алғашқы күндерінде-ақ – 1918 жылдың наурызында біржола жабылды. Көп ұзамай оның құрылтайшылары мен авторларының басым көпшілігі саяси қуғын-сүргін кезінде атылып кетті.
Отаршылдық құрсауындағы қазақ ұлтын өркениеттің кезекті белесіне жетелеген, азаттықтың алғашқы қоңырауы атанған әйгілі «Қазақ» газетіне биыл 111 жыл толады.
Кешегі адам бүгін жоқ. Бүгінгі күннің келбетінен кешегі заманның белгілерін таппайсыз.Бірақ сол кешегі жандардың өмірі, ой-арманы, тұрмысы, кешегі заманның тынысы бүгінгі біз үшін беймәлім, жұмбақ жайт емес. Оның бәрін көз алдымызға әкеле аламыз. Оны көз алдымызға әкелетін құдірет — көне газеттердің сарғайған парақтары.
Биыл өңірдің қоғамдық-саяси өмірін сөзбен өрнектейтін өлкеміздің өмірлік айнасына айналған «Ақтөбе» газеті де 100 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр.
…Қай кезде де елдің сөзін сөйлеп, ұлттың жоғын жоқтаған басылымдардың мерекесі бұл.
«Ақтөбе» газетінің сайтынан алынды.