«Кербез» бишілері топ жарды
Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында еліміздегі ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының қолдауымен «Би калейдоскопы» заманауи-эстрадалық би байқауы өтті.
Байқау 3 номинация бойынша өтті: соло, кіші форма, ансамбль. Жас ерекшеліктеріне қарай сайыскерлер 4 топқа бөлінді: кіші (8-10 жас), орта (11-13 жас), жоғарғы (14-16 жас) және аралас топ. Байқауға 20 орта мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарынан келген барлығы 222 бала қатысып, өнерлерін көрсетті.
Біздің ауданымыздан Қарғалы аудандық балалар өнер мектебінің «Кербез» халықтық би ансамблі қатысып, бақтарын сынады. Осыған дейін де талай жарыстарда сыналып жүрген биші қыздарымыз бұл жолы да өз қатарластары мен бәсекелестері арасында топ жарды.
Нақтылап айтсақ, «Кербез» халықтық би ұжымы «Классикалық модерн» заманауи би жанры бойынша жас ерекшеліктеріне қарай екі топ бойынша да сынға түсті. «Кербез» бишілерінің үлкен тобы аталған жанр бойынша «Тримай», ал орта топ бишілері «Мы вместе» билерін орындады. «Кербез» бишілері сахнада өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Көрерменнің көзайымына айналып, төрешілердің көңілінен шыға білді. Оған дәлел 14-16 жас аралығындағы үлкен топ бишілері Бас жүлдені жеңіп алса, орта топтағы бишілеріміз жүлделі I орынға ие болды.
— Облыстың барлық би ұжымдары қатысқан байқауда оза шауып, өздерінің шеберліктерін көрсете білген «Кербездің» бишілеріне алдағы уақытта да осы тұғырдан түспеуін тілейміз. Бұл ретте жас ұжымды біраз жылдардан бері алға сүйреп, аудан оқушыларын би өнеріне баулып жүрген аудандық өнер мектебінің ұстазы, хореограф Кәмшат Нұрқаеваның еңбегі ерен. Ол ауданымыздағы талай оқушыны би өнеріне баулып жүр. Хореографтың шәкірттері әлі талай асуларды бағындыратынына сенемін, — дейді аудандық өнер мектебінің директоры Айнагүл Мамбетова.
Қарғалы ауданының атын шығарып, осындай облыстық байқауларда топ жарып жүрген өнерлі өрендер мен олардың жетекшісіне біз де шығармашылық табыстар тілейміз.
Бақыт Имашев.