Қысқы балық аулаудан жарыс өтті

Өткен аптада аудан тұрғындарының арасында  жылдағы дәстүрге сай қысқы балық аулау жарысы ұйымдастырылды. Жарыс Қарғалы су қоймасында өткізіліп, оған 50-ге жуық балықшылар қатысты.

 

         Аталмыш жарыстың мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау, таза ауада демалыс сыйлай отырып, адамдар арасында ұйымшылдықты, достықты нығайту.

Қыста балық аулаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Әрі көптеген адамдардың сүйікті ісі десек артық айтпаған болар едік. Өйткені, дала ақ көрпеге оранып, су біткеннің бетін құрсау басқанда «балық аулау дегенде ішер асын жерге» қоятын тұрғындардың жылдан жылға көбейіп келе жатқандығы қуантады. Оған дәлел осы іс-шара.

Биылғы қысқы балық аулау жарысына ерлермен қатар нәзік жандыларда қатысып, өз бақтарын сынады. Үлкен-кішіні ерекше қызығушылыққа бөлеген шара қызықты да тартысты өтті.

Жарыс басталар алды ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға мұз үстіндегі қауіпсіздікке байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан соң балық аулау шарасының ережесі таныстырылды. Осылайша, балықшылар мұзды ойып, қармақ салып, балық аулаудың түрлі тәсілдерін көрсетті.

Нәтижесінде арнайы төрешілердің бақылауымен жеңімпаздар бірнеше аталым бойынша анықталып қорытындыланды. Нақтырақ айтар болсақ, уақыт межесі мен көп олжаға кенелгендер жүлделі орындарға ие болды. Жүлделі  І орынға — Болат Магамбетов, ІІ орынға — Нуржан Молдыбаев, ІІІ орынға- Нурлан Мухамбеджанов ие болды. Ал әйелдер арасында І орынды —        Гульжан Ержанбаева иеленсе, ІІ орынды — Айжан Жулдузбаева, ІІІ орын —  Светлана Блечке бұйырды.

 

 

Сондай-ақ, Рустем Копаевқа — «Ең бірінші балық ұстаған», Молдагазы Успановқа — «Ең қарт балықшы», Жасулан Оразбаевқа — «Ең кішкентай балық ұстаған» сынды қызықты номинациялар  да табыс етілді. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар дайындаған алғыс хаттармен және де бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұл іс-шараның маңызы тұрғындар арасында қызығушылық тудырып келеді. Өйткені, қыста балық аулау – өзінше қызық. Біреулер оны – сүйікті ісі көрсе, бірі – азық етеді.  Қалай болғанда да, таза ауада күнделікті  күйбің тірлікті ұмытып, бір мезгіл ми тынықтырып, демалғанға  не жетсін?!

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА