ҚАУІППЕН БЕТПЕ-БЕТ КЕЛГЕН ҚЫЗМЕТ

Адам өмірін қорғау, өрттің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жедел көмек көрсету – құтқарушылардың негізгі міндеті. Бұл қызмет кәсіби даярлықты, шапшаңдықты және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қауіп төнген сәтте көмекке асығатын мамандардың жұмысы оқиға салдарын жоюмен қатар, оның алдын алуға да бағытталған.

Қазақстан Республикасы Құтқарушылар күніне орай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Аслан Каркуловпен хабарласып, ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға дайындық барысы жайында білген едік.

Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің негізгі бағыттарының бірі – өрттің алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осы мақсатта тұрғын үй секторында, білім беру ұйымдарында және мекемелерде профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Тұрғындарға электр жабдықтары мен жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және балалардың отпен ойнауына жол бермеу қажеттігі түсіндіріледі.

                 

Аудан аумағында 9 ауылдық округ пен 15 елді мекен орналасқан. Елді мекендердің орналасу ерекшеліктерін ескере отырып, өртке қарсы қорғаныс жүйесін дамытуға мән беріледі. Қазіргі таңда Әлімбет, Қосестек және Петропавл ауылдарында өрт сөндіру бекеттері жұмыс істейді.

Сонымен қатар аудан аумағында ерікті өртке қарсы құралымдардың құрамында 118 адам арнайы дайындықтан өткен. Олардың иелігінде өрт сөндіру тіркемелері, арқасына асатын өрт сөндіргіштер, мотопомпалар және алғашқы өрт сөндіру құралдары бар. Бұл құралымдар, әсіресе, негізгі өрт сөндіру бөлімшелерінен шалғай орналасқан елді мекендерде өртке алғашқы әрекет етуге мүмкіндік береді.

2026 жылдың есепті кезеңінде аудан аумағында 13 өрт тіркелген. Оның 8-і тұрғын үй секторында, 3-уі көліктерде, 2-уі табиғи аумақтарда болған. Бұдан бөлек, 25 дала өрті орын алған. Бұл көрсеткіштер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың және оқиға туралы тиісті қызметтерге уақытылы хабарлаудың маңызын көрсетеді.

Құтқарушылардың жұмысы маусымдық қауіп-қатерлерге дайындықты да қамтиды. Қыс мезгілінде тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу, жылыту құрылғыларының қауіпсіздігін тексеру және арнайы техниканың әзірлігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Көктемде су тасқыны қаупі бар учаскелер анықталып, техникалар мен материалдық резервтердің дайындығы тексеріледі. Ал жаз айларында дала өрттерінің алдын алу және тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.

Төтенше жағдай кезінде жедел әрі тиімді әрекет ету үшін қызметкерлердің кәсіби даярлығын жетілдіру, өрт сөндіру автомобильдері мен арнайы жабдықтардың жарамдылығын қамтамасыз ету маңызды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдармен, өрт сөндіру бекеттерімен және ерікті өртке қарсы құралымдармен бірлескен жұмыс жүргізіледі. Мұндай өзара іс-қимыл оқиға орнына уақытылы жетіп, қажетті көмек көрсетуге ықпал етеді.

Өрт қауіпсіздігін сақтау – баршаға ортақ міндет. Электр желілері мен жылыту жүйелерінің жарамдылығын тексеру, ашық отты пайдаланғанда сақ болу және қауіп байқалған жағдайда тиісті қызметке дереу хабарлау төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауы айрықша маңызды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА