ӘУЕГЕ ӘН ҚОНДЫРҒАН ШӘМШІ ӘУЕНДЕРІ

Ауданымызда «Әуелейді, Шәмші әні!» атты аймақтық ретро әндер байқауы өтті.
Ағымдағы жылдың 14 қазан күні аудандық мәдениет үйінде қазақ вальсінің королі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын дәріптеуге арналған «Әуелейді, Шәмші әні!» аймақтық ретро әндер байқауы ұйымдастырылып, ән өнерін ұлықтаған мәдени шараға еліміздің батыс өңірлерінен келген 12 өнерпаз қатысып, көрерменге сырлы саз бен әсем әуенге толы өнер кешін ұсынды.
Айта кетейік, 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқау осы уақытқа дейін облыстық деңгейде өткізіліп келсе, биыл алғаш рет аймақтық ауқымға шықты. Өнер додасына Ақтөбе қаласы мен облыстың бірқатар аудандарынан, сондай-ақ Атырау, Маңғыстау облыстары мен Орал қаласынан келген әншілер қатысып, өзара бақ сынады.
Байқаудың басты мақсаты – қазақ ән өнерін дамыту, Шәмші Қалдаяқовтың бай шығармашылық мұрасын насихаттау, дарынды орындаушыларға қолдау көрсету және ұлттық эстрада өнерінің көрнекті туындыларын кейінгі ұрпаққа үлгі ету. Сонымен қатар ретро әндердің алтын қорына енген шығармаларды кеңінен таныстырып, олардың көркемдік құндылығын дәріптеуге басымдық берілді.
Салтанатты шара театрландырылған «Сыған серенадасы» қойылымымен басталды. Кеш барысында қазақ музыкасының алтын қорынан орын алған Шәмші әндерінің уақыт өткен сайын жаңғырып, тыңдарман жүрегінен ерекше орын алатыны атап өтілді.
Байқауға қатысушылардың өнерін кәсіби тұрғыдан бағалау үшін арнайы қазылар алқасы жасақталды. Оның құрамында Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының әншісі, «Дауыс» әншілер ұжымының көркемдік жетекшісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ернар Дүйсеев, осы филармонияның әншісі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Гүлхан Бөрібасова және әнші, өнертану ғылымдарының магистрі Гүльфия Жұмабаева болды.
Шараның ашылуында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев жиналған қауымды құттықтап, мәдениет пен өнер саласындағы шығармашылық бастамалардың маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың халық сүйіп тыңдайтын шығармаларын орындады. Сахна төрінде «Ана туралы жыр», «Өмір өзен», «Бәрінен де сен сұлу», «Сыған серенадасы», «Тамды аруы», «Арқалықтың ақ таңы» секілді жүрекке жақын әндер шырқалды. Әр орындаушы белгілі туындыларға өзіндік үн қосып, әннің мазмұны мен әуезін көрерменге жеткізуге тырысты.
Ал екінші кезеңде қатысушылар ретро әндер қорынан таңдаған шығармаларын орындап, вокалдық мүмкіндіктері мен сахналық шеберліктерін көрсетті. Осылайша, қатысушылар ән таңдауымен және орындау мәнерімен ерекшеленіп, көрерменнің ықыласына бөленді.
Өнер додасының екі кезеңінде де қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, дауыс мүмкіндігі, сахна мәдениеті мен шығарманы жеткізу деңгейі бағаланды.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде ауданымыздың намысын қорғаған Есет Әліжанға бұйырды. Ол 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Бірінші орын Ақтөбе қаласынан келген Акимжан Шакировқа бұйырды. Ол 300 мың теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды. Атырау облысының намысын қорғаған Мұратбек Жұмашев екінші орынды иеленіп, 200 мың теңге, ал үшінші орын Маңғыстау облысының өкілі Азамат Амангелдіұлына беріліп, оған 100 мың теңге табысталды.
Арнайы жүлде Шалқар ауданынан келген Берекет Балмұханға бұйырып, 50 мың теңгелік сыйақы тапсырылды. Қалған өнерпаздар алғыс хаттармен марапатталып, әрқайсысына 20 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар, өнерпаздарға арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлық ретінде жақында жарық көрген аудан энциклопедиясы табысталды. Кітаптың авторы – ауданның дамуына үлес қосып жүрген азамат Арман Бисекенов.
Мерекелік бағдарламаның соңында Наздана Майлыбай мен Аслан Досболаевтың орындауындағы «Шәмшіге арнау» әні шырқалды. Бұл музыкалық тарту кештің мазмұнын түйіндеп, ұлы композитордың өнеріне деген құрметті айшықтай түсті.
«Әуелейді, Шәмші әні!» байқауы әнсүйер қауымды ортақ өнер төңірегіне топтастырып, қазақ музыкасының асыл мұрасын жаңғыртқан тағылымды мәдени шара болды. Шәмші Қалдаяқовтың әуендері арқылы өткен мен бүгінді жалғаған бұл өнер кеші ұлттық ән өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте көрсетті.
Алина МУХАМЕДИЯРОВА





