ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛ – ҚАЗЫНАЛЫ ЕЛ

Қариясын құрметтеп, үлкенін ардақтау – халқымыздың ежелден қалыптасқан тағылымды дәстүрі. Аға буын – өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастырып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өмір мектебі. Осы орайда аудандық мәдениет үйінде Халықаралық қарттар күніне арналған «Қарты бар ел – бақытты» атты салтанатты кеш өтті.
Мерекелік шараға ауданның ардақты ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері, еңбек ардагерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеш барысында аға буынға деген құрмет пен ыстық ықылас айқын көрініс тауып, ізгі тілектер айтылды.
Шараның шымылдығы «Қарттарым – асыл қазынам» атты көрініспен ашылды. Тағылымды қойылымда қарияның отбасындағы қадірі, ұрпақ тәрбиесіндегі орны мен өмірлік өнегесі бейнеленді.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Берік Даулов құттықтау сөз сөйлеп, аға буын өкілдеріне ақжолтай тілегін жеткізді. Ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтіп, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі.
Кеш барысында ұзақ жылдар бойы түрлі салаларда абыройлы еңбек еткен бірқатар ардагерге облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының Алғыс хаттары табысталды. Марапатталғандар қатарында ауыл шаруашылығы саласында 45 жыл еңбек еткен Бақыткерей Нұрқаев, 45 жылдық еңбек өтілі бар мал дәрігері Оразғали Жұлдызбаев, теміржол саласында 47 жыл қызмет атқарған Раис Мұратқалиев және ауыл шаруашылығы саласында 40 жыл еңбек еткен мал дәрігері Қасым Шарапатов бар.
Кештің концерттік бөлігінде «Прогресс» балаларды дамыту орталығының тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, би биледі. Ал аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қариясы бар ел – қазыналы ел. Ақсақалы баталы, әжесі өнегелі шаңырақта ұрпақ тәрбиесі де берік болады. Үлкенге құрмет көрсету – кейінгі буынға ізет пен сыйластықты дәріптейтін құндылық. Осындай тағылымды шаралар аға буынның еңбегін ұлықтап қана қоймай, олардың өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етуге мүмкіндік береді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА







