Конституция — тұрақтылық кепілі

Конституция — құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат.
Қазақ халқы ықылым заманнан бері заң мен әділдікті қастерлеп келеді. Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзінде үлкен астар бар. Бұл — бабалар тарихынан, халықтың дүниетанымынан алынған сөз. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, «Жеті жарғы» сияқты заңдар жүйесі — халқымыздың құқықтық мәдениеті мен әділетке негізделген мемлекеттік дәстүрінің жарқын айғағы. Осы тарихи сабақтастық бүгінгі Конституцияның мазмұны мен рухынан көрініс тауып отыр.
Конституцияның преамбуласында Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы, мемлекеттік унитарлық сипаты мен аумағының тұтастығы секілді негізгі құндылықтар айқындалған. Сондай-ақ ел бірлігі, мәдениет пен білімді, ғылым мен инновацияны дамыту, табиғатты қорғау және келер ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілік те ең негізгі құндылықтардың қатарында белгіленген. Ата Заңда адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде танылуы — ертеңгі күнге деген сенімнің кепілі.
Конституцияның өміршең болуы әрбір азаматтың оны құрметтеуіне, талаптарын мүлтіксіз орындауына, өз құқығы мен міндеттерін терең білуіне және заңға адалдығына байланысты екені белгілі. Ата Заңға деген құрмет арқылы әрқайсысымыз құқықтық мәдениеттің, азаматтық жауапкершіліктің қалыптасуына, қоғамның орнықты дамуына үлес қосамыз.
Қашан да бағыт-бағдарымыз айқын, бірлігіміз бекем болғай!
Гүлнар Сейталина,
С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры




