Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Egemen.kz
Сурет: Ақорда

Айдос Мырзахметов осы кезге дейін Президентінің Жарлығымен Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып қызмет еткен. Оған жоғары әскери шен — генерал-майор әскери атағы берілген еді. Генералдық шеннің белгілерін Мемлекет басшысы жеке өзі табыс еткен болатын.

Ол — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери академиясының 2002 жылғы түлегі. Содан кейін ол взвод командирінен бастап Мемлекеттік күзет қызметі департаментінің бастығына дейінгі жолдан өтіп, жоғары кәсібилігімен, мінезінің беріктігімен және жауапкершілігімен ерекшеленді.

2024 жылғы қаңтарда Президенттің Жарлығымен Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.

Бұған дейін хабарланғандай, Президенттің Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды.

Дәурен Қосанов 3 қыркүйекте Президенттің Жарлығымен Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалған еді.

24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен еді. Осыған байланысты Қорғаныс ведомствосының басшысы Дәурен Қосанов марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, кінәлі азаматтардың жауапкершіліктен жалтармайтынын ескерткен болатын.