Ардагерлер бас қосты

Ардагерлер патриоттық тәрбиенің қайнар көзі. Жас ұрпақ үшін қариялар мен ақ жаулықты әжелеріміздің ақыл кеңестері  үлкен маңызға ие. Осы орайда өткен аптаның сенбісінде, қаңтардың қатал ауа райына қарамай  Ақтөбе облыстық  ардагерлер  кеңесінің  төрағасы  Серік  Шанғұтов ауданымызға келіп, ардагерлерімізбен кездесу өткізді.

Басқосуға ауыл-аймақтан келген ардагерлеріміз қатысты. Арамызда жүрген ардагерлер қауымы бүкіл өмірін, саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнап, зейнеткерлік жасқа жетсе де қоғам өмірінен шет қалмай жастармен өмірлік тәжірибелерін бөлісіп келеді.

Қазіргі таңда әр аймақта, әрбір ауылда ардагерлер ұйымы жұмыс жасайды. Аталмыш кездесу ауданымыздағы орталықтандырылған кітапхананың «Коворкинг» орталығында өтті.

Кездесу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Серік Шанғұтов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыржан Бисенов бұл жүздесудің мән-жайына тоқталып өтсе, аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев шараның өткізілуіне жетекшілік етті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  өткен жылда атқарылған жұмыстарға тоқталып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан»  газетіне берген сұхбатының маңызын түсіндіріп, басқа да, депозит, шағын бизнес, мектеп оқушыларын қашықтан оқытудың ықпалы мен әсері, «Дәнекер» жобасының іске асу бағыты мен сотқа дейінгі мәселелерді шешу барысындағы көптеген ауқымды тақырыптар отырыста қозғалды.

Сондай-ақ, бүгінгі  күндері қарттарымызға көңіл бөліп, олардың салауатты да белсенді өмір сүрулері үшін маңызы зор орталықтың дамуымен  қатар, қоғамда қарттарымызға көбірек көңіл бөлу сынды мәселелер сөз болды.

Келелі кездесу соңында Үкіметіміз қарттарымызға  қолдау көрсетуден кенде еместігіне де тоқталып өтті. Оған қоса оқу орындарын аралап, жастарды патриоттық тәрбиемен қатар еңбекке баулуға, өнегелі болуға, ел ертеңі жастарымызды теріс жат ағымдардан сақтап, ақсақалдық үлес қосуға үндеді.

Кездесуге келгендер алдында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы сөз сөйлеп, аудан қарттарының өткен жылдағы тұрмыс тіршілігі мен атқарылған жұмыстарға деген белсенділіктеріне тоқталып өтіп, ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да ардагерлерімізді мүмкіндігінше белсенді болуға шақырды. Осылайша, ауыл ақсақалдары да өздерінің лебізін білдіріп, облыстан арнайы келген қонақтарға алғыстарын жаудырып, көңілді тарқасты.

Бақыт ИМАШЕВ,

ауданның «Құрметті азаматы»

ТегтерКездесу