Қоғамдық қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі

«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 30 желтоқсандағы Заңында құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу бойынша жекелеген нормалар көзделген.
Ақтөбе облысы әкімдігінің 2026 жылғы 3 шілдедегі № 123 қаулысымен Ақтөбе облысында құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу қағидалары бекітілді. Онда құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын қоғамдық көмекшілерді, азаматтарды көтермелеудің тәртібі, түрлері мен мерзімі, сондай-ақ ақшалай сыйақының мөлшері айқындалды.
Қоғамдық көмекшілерді көтермелеу мәселелерін мемлекеттік органдардың ұсынуы бойынша Ақтөбе қаласы және Ақтөбе облысы аудандары әкімі аппараттарының жанынан құрылған құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу жөніндегі комиссия қарастырады. Комиссия құқық бұзушылықтың алдын алуға, жолын кесуге немесе оны ашуға тікелей ықпал еткен Ақтөбе қаласының және облыс аудандары әкімдіктерінің аумағында қоғамдық көмекші ретінде тіркелмеген азаматтарды да көтермелеуге құқылы.
Мемлекеттік органдар комиссияға қоғамдық көмекшілердің құқықбұзушылық профилактикасына қатысқанын растайтын материалдарды қоса бере отырып, оларды көтермелеу туралы ұсыным жібереді. Комиссия ұсынымдарды түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарауға тиіс. Қосымша материалдарды талап ету немесе ұсынылған мәліметтерді нақтылау қажет болған жағдайда қарау мерзімін комиссия төрағасы ұзартуы мүмкін, бірақ оның мерзімі 10 (он) жұмыс күнінен аспауға тиіс, бұл туралы ұсыным бастамашысына хабарланады.
Комиссия отырысының хаттамасы қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде одан әрі іске асыру үшін тиісті уәкілетті органға (полиция басқармасы/бөлімі) жіберіледі.
Құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын қоғамдық көмекшілерді, азаматтарды көтермелеу түрлері (шаралары) мыналар:
1) алғыс жариялау;
2) грамотамен наградтау;
3) ақшалай сыйақы төлеу;
4) білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқуға жіберу;
5) ұйымдарға, кәсіпорындарға көтермелеу туралы ұсынымдар жіберу;
6) құқық бұзушылық профилактикасына елеулі үлес қосқан адамдар үшін мемлекеттік наградамен және құрметті атақпен наградтау туралы ұсыныстар енгізілуі мүмкін.
Жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің өзге де шараларын қолдануға құқылы.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау фактiсiнiң фото және бейнежазбасын қоса бере отырып, уәкiлеттi органдарға хабарлама жiберген азаматтар құқық бұзушыдан өндiрiп алынған айыппұл сомасынан ақшалай сыйақымен көтермеленуi мүмкiн. Азамат сыйақы алушы ретінде Қазақстан Республикасында тіркелген қайырымдылық ұйымын көрсетуге құқылы. Ал анонимді хабарламалар ақшалай сыйақымен көтермелеуге негіз болып табылмайды.
Көтермелеуді алу үшін азаматтар уәкілетті органға (полиция басқармасы/аудандық полиция бөлімі) осы қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.
Уәкілетті орган азаматтардан түскен өтініштерді әкімшілік құқық бұзушылықтың көрсетілген фактісін растау тұрғысынан қарастырады және ақпараттың бастапқы дереккөзін тексереді (азаматтың хабарламасы түскен сәтте құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен (камералармен) және аспаптармен тіркелмеген не уәкілетті лауазымды тұлғалармен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен немесе өзге де үшінші тұлғалармен анықталмаған болуға тиіс). Әкімшілік құқық бұзушылық фактісі расталып, іс бойынша қаулы заңды күшіне енгеннен және әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұлды толық төлегеннен кейін көтермелеуді төлеу үшін қажетті бюджет қаражаты болған жағдайда уәкілетті орган ұсыным қалыптастырады. Сондай-ақ айына бір рет комиссияға осы қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес, 9-тармақта көзделген негіз бойынша көтермелеуге үміткер азаматтардың тізімі бар ұсынымды жібереді.
Комиссия уәкілетті органдардың ұсынымдары негізінде азаматтарды құқық бұзушыдан өндіріліп алынған айыппұл сомасынан ақшалай сыйақымен көтермелеуді ұсыну немесе ұсынбау туралы хаттамалық шешім шығарады. Көтермелеу түрін, соның ішінде ақшалай сыйақының мөлшерін комиссия қоғамдық көмекшінің, азаматтың құқықбұзушылық профилактикасына және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан жеке үлесін ескере отырып белгілейді. Ақшалай сыйақы төлеу 10 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады. Көтермелеу мөлшерін айқындау кезінде комиссия шешім шығарған сәтте қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш қолданылады.
Ақшалай сыйақы төлеуді уәкілетті орган (полиция департаменті) тиісті қорытынды актіге (сәйкесінше комиссия хаттамасына немесе жергілікті атқарушы органның шешіміне) қол қойылған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірмей, азаматтардың банктік шоттарына (немесе олар көрсеткен қайырымдылық ұйымдарына) ақшалай қаражатты аударады. Ақшалай сыйақы төлеу көтермелеуге ұсыным енгізген, жергілікті бюджетте осы мақсатқа көзделген уәкілетті органдардың қаражаты есебінен жүргізіледі.
Бұл бастама – елдегі «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге және азаматтық белсенділікті ынталандыруға бағытталған маңызды қадам. Қоғам қауіпсіздігіне үлес қосқан әрбір азаматтың еңбегі елеусіз қалмайды.
Ақтөбе облысы әкімінің аппаратының құқық қорғау
органдарымен өзара әрекеттесу бөлімі.




