2024 жылы елімізде не өзгереді?

    Биыл Қазақстанда АЕК пен өмір сүру минимумы 7% өседі. Осыған байланысты жәрдемақылар мен бюджетке төленетін төлемдер де артады. «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда 2024 жылдың қаңтар айынан бастап қолданысқа енетін көрсеткіштердің жаңа мөлшері көрсетілген.

Заң жобасын әзірлеу барысында ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 2023 жылғы деңгейде қалдыру жоспарланған болатын. Бірақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл мөлшер 2024 жылға бекітілген. Нәтижесінде ең төменгі жалақы 21,4 пайызға артады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлемді қолдану мерзімі аяқталады. Сондай-ақ жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі енгізіледі. Оның шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға міндетті. Декларация көлеңкелі экономиканы жоюға бағытталған.

Оның ішінде 1,5 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын көтеруге 2,5 трлн теңге қарастырылған. Өңірлік жұмыспен қамту карталарына 724 млрд теңге көзделген. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100 млрд теңге бөлініп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу болжанып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсетуге шамамен 380 млрд теңге көзделген, бұл 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

2024 жылы балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру үшін бюджетте 96 миллиард теңге қарастырылған. 242 миллиард теңге ғылымды қаржыландыруға бағытталмақ. Бұл 616 қазақстандық жетекші ғалымның жалақысын арттырады.

Мемлекеттік табиғи және орман қорғау қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 15 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің жекелеген санаттары мен жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеру жоспарланып отыр. Жалпы энергоблокқа 2,6 триллион теңге көлеміндегі шығындар енгізілген.

Еңбек министрлігі азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізу туралы үкімет қаулысын дайындады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға ұлғаяды. Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті шараларды әзірлеп жатыр. Келесі жылдан қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер әлеуметтік төлем алады. Жаңа заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі әзірледі.

Бұл металлургия, энергетика, тау-кен секторындағы жұмысшыларға қатысты. Төлемақы 55 жасқа толғандарға 200 мың теңге көлемінде беріледі. Кеншілердің жалақысы да өсуі мүмкін. Ең төменгі табыс 300-400 мың шамасында болады. Ал бүгінде қауіпті өндіріс орындарында 490 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

2024 жылдан бастап Қазақстанда «9-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Жыл сайын 8 мың қазақстандық бұл бағдарламамен баспанаға ие бола алады.

Сыйақы мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20% және несие мерзімі 25 жылға дейін. Осы шарттар бойынша келесі жылдан бастап тұрғын үйді ипотекаға алуға болады. Іске асыруға 100 млрд теңге бөлінеді.

Қазақстанда 2024 жылдан бастап мектеп бағдарламалары жаңартылады. Білім министрлігі жалпы білім беретін пәндер мен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерін таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар әзірледі. Осылайша, жаңа типтік оқыту бағдарламаларын қабылдау жоспарлануда.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу жоспарлануда. Оған сәйкес, барлық балаларға жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы есептеледі. Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алынбайды.

2024 жылдан бастап Қазақстанда автокөліктерді сақтандыру құны өзгереді. Енді автокөлікті сақтандыру бағасы өңірге қарай бекітіледі. Компаниялар жылына бір мәрте сақтандыру құнын түзетіп отыруға құқылы.

Көліктің жылдамдығын сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК құрайды. 2023 жылы 17250 теңге болса, келесі жылы 18460 теңге болады.

 

Интернет материалдары бойынша дайындалды