БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДАҒЫ БІРЛІК МЕРЕКЕСІ

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауданымызда «Бір шаңырақ астында» атты салтанатты мәдени іс-шара өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен тағылымды жиын ел ішіндегі татулық пен келісімнің, достық пен ынтымақтың жарқын айғағына айналды. Мереке бірнеше ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен салтанатты шерумен басталып, әр этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, өздерінің бай мәдениеті мен дәстүрін таныстырды. Бұл көпұлтты қоғамымыздағы өзара құрмет пен түсіністіктің нақты көрінісін айқындай түсті.
Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған этномәдени көрмеде әр халықтың салт-дәстүрі, қолөнері мен ұлттық тағамдары көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер үшін бұл көрме рухани танымды байытып, мәдени үндестіктің жарқын үлгісін көрсетті.
Кеш шымылдығы Қарақат мектеп-студиясының жетігеншілер ансамблінің әсем күйімен түріліп, жүргізушілердің жүрекжарды лебіздерімен жалғасты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев сөз сөйлеп, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде:
«Бірлік – біздің басты байлығымыз әрі мемлекетіміздің тұрақты дамуының берік негізі. Көпұлтты халқымыздың татулығы мен өзара сыйластығы – Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістіктерінің бірі. Әрбір этнос өкілінің мәдениеті мен дәстүрі – ортақ құндылығымыз. Осындай ынтымағы жарасқан елдің болашағы әрдайым жарқын болмақ», – деп атап өтті.
Сонымен қатар ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ұлтаралық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, Гүлжан Ержанбаева (қазақ ұлты, №2 Бадамша орта мектебі), Владимир Берген (неміс ұлты, Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасы), Юлия Лукпанова (молдаван ұлты, Қосестек ауылдық округі), Регина Рамазанова (татар ұлты, Әлімбет ауылдық округі), Кязым Исрафилов (әзербайжан ұлты, Жосалы ауылдық округі), Екатерина Ганеева (шешен ұлты, Степной ауылдық округі), Галина Онуприенко (украин ұлты, Ащылысай ауылдық округі), Ирина Файст (башқұрт ұлты, Велихов ауылдық округі) марапатталып, көпшілік құрметіне бөленді. Бұл – еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті сақтауға қосқан еңбектің лайықты бағалануы.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, аудан өнерпаздары көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Наз» халықтық би ансамблінің әсерлі қойылымы, «Ақпейіл» халықтық вокал ансамблінің «Ақ көгершін», «Сәулем-ай» әндері кештің мазмұнын байыта түсті.
Айта кету керек, биыл қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғасы Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Осы орайда оның рухани мұрасына тағзым жасалып, ұлттық өнердің мән-маңызы айрықша атап өтілді.
Сондай-ақ, «Гармония» вокалдық ансамблі мен мәдениет қызметкерлерінің орындауындағы әндер көрермен көңілінен шығып, кештің көркін аша түсті.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген халық даналығының мәнін айқындай түскен бұл тағылымды шара ел ішіндегі ынтымақ пен өзара сыйластықтың нығая түскенін көрсетті. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтың татулығы мен бірлігі – Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылығы екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА







