Қыс кеш келді дегенмен…
Міне, биылғы қыс әдеттегіден кештеу келді. Бұдан бұрынғы жылдары қарашада қар бұрқап, мал қолға қараса, биыл желтоқсанда етек жеңді жия бастадық. Осы орайда қарлы бораны молырақ болатын біздің аудан шаруаларының қысқа дайындығы барысында аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалинмен хабарласқан болатынбыз.
-Қойшыбай Ибрайымұлы, қыс мезгілі қаталдау біздің өңірде, қары мамырдың басына дейін кетіп болмайтыны белгілі. Сондықтан да, шаруалар күзгі жиын-терімді аяқтап, малшы қауым қыстаққа ойысты. Амандықты мал — жаннан бастайтын мал баққан шаруалардың жай-күйі, жем-шөбі, отын-суы жеткілікті ме?
-Сауалыңыз орынды. Қыс кеш келді, дегенмен біздің өңірге 6 айдай қонақтап алатын кездері де болады ғой. Соны ескерген ауыл еңбеккерлерін қамту жағдайын айта кетейін. Көпшілікке мәлім біздің аудан тұрғындарының тіршілік тіні егінмен мал шаруашылығы болып есептеледі. Сондай-ақ, кеш келген қыс мезгілі желтоқсанның басынан қара суығын ала келді. Мал түгел қолға қарап, асыраушысына телміре бастады. Дегенмен де, қыс жайлы болады деп жатырғой. Оны енді уақыт көрсете жатар…
-Ендеше, шаруа қожалықтарындағы мал өсіміне тоқтала өтсеңіз?
-Аудан бойынша 233 ауылшаруашылық құрылымы бар десек, оның 24-і ЖШС, ал 16-сы ауылшаруашылық өндірістіккооперативі болса, 193-і шаруа қожалықтары. Қай-қайсысында да жекенің малы болсада қыстаққа түскен малдары бар екені анық.Талдап айтар болсақ,биылғы жылы өндіріске кеткен малдан басқа 652 бас ірі қара малымен 700 бас қой сатып алынды. Жалпы есеп бойынша ауданда қыстаққа түскен мал санынына тоқтала кетсек. Биылғы жылы аудан бойынша 22384 бас ірі қара малы,өткен жылғыдан 101,8 пайыз артық, ұсақ мал 28071 бас, өсімі өткен жылға қарағанда101,4пайыз,жылқы 4672 бас, өсімі 102,6,шошқа 3950 өсімі 103,6 пайыз, құс жалпы алғанда 54114 бас өткен жылға қарағанда өсімі 109,6 пайызды құрады.Айта кету керек, бүгінгі күні ауданда ауылшаруашылығы бойынша жиналған өнімнің жалпы көлем саны — 37млрд, 423,5 млн теңге болды. Қысқы жем-шөптіде жеткілікті дайындап қысқа түстік. Аудан бойынша 111,2 тонна жем-шөп дайындалды. Яғни, қажеттілік 108,9 мың тонна десек, 102,1 пайызға артық. Азықтық жемде жеткілікті деңгейде.Нақтырақ айтсақ,биылғы қысқа 48 мың тонна шөп, 47 мың тонна жем дайындадық. Оның ішінде қыстақтарға 57,9 мың тонна, жұртшылыққа, яғни ауласында мал ұстап отырғандарға 53,3 мың тонна жем тасылды.
Сонымен қатар, қыстақтар ветеринариялық — санитарлық дизенфекциядан өтіп,мал басы,мал дәрігерлік профилактикалардан толық тексеріліп,қыстада мал дәрігерлері аралап, түрліше қол ұшын беруде. Сондай-ақ, жол, жарық, отын-сумен толық қамтылған.Қыстан қысылмаудың қамында аудан әкімінен бастап, салалық мамандар үзбей хабарласып тұрады. Басты мәселе мал басын қыстан қысылмай алып шығу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуда.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы»