ТАЗА АУЫЛ – БЕРЕКЕЛІ ӨМІР

Туған жердің тазалығы – әрбір азаматтың ар-ожданы мен жауапкершілігін айқындайтын басты өлшемдердің бірі. Қоршаған ортаны күтіп-баптау – тек бір күндік шара емес, ол – ұрпаққа үлгі болатын игі дәстүр.
Бүгінде ауылдық округтер «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған екі айлық сенбілікке белсенді түрде атсалысып, ортақ іске жұмыла кірісті. Солардың қатарында елдің кіреберіс қақпасындай көрінетін Әлімбет ауылы да бар.
Ауыл тұрғындары тазалық жұмыстарына ұйымшылдықпен қатысып, нәтижелі іс көрсетті. Жалпы саны 45 адам қатысқан сенбілікте жергілікті кәсіпкерлер арнайы техника бөліп, 12 тоннаға жуық қоқыс ауылдық полигонға шығарылды. Бұл – бірліктің нақты көрінісі.
Іс-шараға Әлімбет мектебінің ұстаздары, мәдениет үйінің қызметкерлері, ауыл әкімдігі мамандары белсене араласып, өзгелерге үлгі болды.
Сенбілік барысында ауыл ішіндегі маңызды нысандардың бірі – Соғыс ардагерлеріне арналған саябақ толық тазартылып, ағаштар әктеліп, гүлзарларға түрлі гүлдер отырғызылды. Үш көше бойы ретке келтіріліп, тұрғындардың да белсенділігі ерекше байқалды.
Сонымен қатар, жалғызбасты және қарт кісілердің аулаларын тазалауға көмек көрсетіліп, қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісі көрінді.
Осындай ортақ күш-жігердің арқасында ауыл келбеті айтарлықтай жақсарып, тұрғындар алдағы мерекелерді таза әрі көрікті ортада қарсы алды. Бұл игі істен ауыл халқы ерекше қуаныш пен ризашылық сезімде.
Ауылдың ажары – әрбір тұрғынның жанашырлығына байланысты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған сенбіліктер – соның айқын дәлелі. Табиғатқа деген қамқорлық пен туған жерге деген сүйіспеншілік осындай нақты істер арқылы көрініс табады. Басталған игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, елді мекендердің еңсесін көтере беретіні сөзсіз.
Бақыт ИМАШЕВ







