АНА РУХЫНА ҚҰРМЕТ

Жосалы ауылдық клубында Жеңістің 81 жылдығына орай тыл еңбеккері Бланша Карибаеваны еске алу мақсатында «Батыр ана – ел мақтанышы» атты еске алу іс-шарасы өтті.

Осындай тарихи маңызды шараны ұйымдастыруға аудандық өлкетану музейінің директоры Айнагүл Сүйінғарина мен музейдің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Тасымова, сондай-ақ аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қызметкері Гүлмира Есенаманова мен  белсенді мүшелері қолдау білдірді.

Бүгінгі таңда сұрапыл соғыста от кешіп, оққа оранғандар саусақпен санарлықтай ғана қалса, тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға жанын салғандардың қатары да сиреп, оларды еске алатын кезеңге жеттік.

 

Біздің сөз еткелі отырған Жосалы ауылының тұрғыны Бланша Карибаева 1935 жылы дүниеге келіп, балғын шағын еңбекке арнаған жандардың бірі болды. Өмірдің ыстығы мен суығын қатар көріп, талай белестен өткен Батыр ана өмірге 13 бала әкеліп, 27 немере, 57 шөбере сүйіп, әулетіне өлшеусіз із қалдырды. Әулеттің діңгегіне айналған ардақты ана 2016 жылы өмірден озғанымен, кезінде сауыншы болып еңбек етіп, трактор тізгіндеп, кейін Жосалы ауылдық клубында тазалықшы қызметін атқарып, зейнетке шыққанға дейін қарапайым еңбектің жарқын үлгісін көрсетті. Оның артында қалған ұрпағы мен өнегелі ізі мәңгілікке сақталады.

Еске алу кешіне балалары, замандастары мен ауылдастары қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Солардың бірі – кезінде Жосалы мектебінің директоры болған Елена Ерёмина Батыр ананың адал еңбегі мен тағылымды сөздерінің куәсі ретінде тебірене еске алды. Сонымен қатар, бұрын осы ауылда тұрған, кейін ата жұрты Германияға қоныс аударған Вочель отбасы жіберген бейнебаян көрсетіліп, өткен күндер еске алынды.

Шара барысында жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер орындап, әннен шашу шашты.

Артында 9 қыз, 4 ұл қалдырған Батыр ананың бүгінде 8 қызы мен 4 ұлы бар, олардың бірі шетелде – Италияда тұрады. Немерелері өсіп, өркендеп келеді. Олардың көпшілігі спортқа бейім, кейбірі республикалық жарыстардың жүлдегерлері атанған.

Жылдар жылжып өтсе де, ананың мейірімі мен тәрбиесі, өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа аманат болып, жалғаса бермек.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерТАҒЗЫМ