ТІЛ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН КЕЗДЕСУ

Жуырда Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге арналған мазмұнды әрі маңызы зор кездесу өтті.

Тағылымы терең басқосуға арнайы келген қонақтар білім ордасындағы тіл саясатының жүзеге асу барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағаларын берді.

     

Іс-шараға Ақтөбе облысы білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Роман Рахиев, аталған филиал жанындағы өңірлік кеңес мүшесі, Ақтөбе қаласындағы №76 орта мектептің директоры Орынбасар Бегжанов, сондай-ақ облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ақгүл Садыкова қатысты.

Қонақтар алдымен мектеп қабырғасында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету, олардың тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жұмыс жүргізіп отырған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» клубының қызметімен танысты.

Сонымен қатар қазақ сыныптарында білім алып жатқан оқушылар мен ата-аналармен ашық пікір алмасып, мемлекеттік тілді меңгерудегі тәжірибелері мен жетістіктеріне назар аударды.

Мектеп директоры Рита Шаметова білім мекемесіндегі оқу кабинеттерін таныстырып, мектеп мұражайындағы тарихи-танымдық жұмыстардың мазмұнына тоқталды. Бұл жұмыстардың барлығы оқушылардың ана тіліне деген құрметін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.

Кездесу барысында мемлекеттік тілдің сапалы оқытылуын жетілдіру, тілдік ортаны нығайту және оқушылардың қазақ тілін еркін игеруіне жағдай жасау мәселелері кеңінен талқыланды. Қонақтар мектеп ұжымының ұлттық руханиятты дәріптеу мен мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.

Айта кетейік, осындай мазмұнды жүздесулер – жас ұрпақтың бойында ана тіліне деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін нығайта түсетін маңызды бастамалардың бірі екені сөзсіз.

Жұлдыз КЕНЖЕ