КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ – ОРТАҚ ІС

Жуырда Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облысы Іскер әйелдер өңірлік кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, жергілікті кәсіпкер әйелдермен кездесті. Іс-шара барысында кәсіпкерлікті қолдау бағыттары талқыланып, кездесу семинар форматында жалғасын тапты.

Сапар аясында Күлпаршын Алпысбайқызы алдымен аудан орталығындағы бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты. Одан кейін өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадақов қатысып, кездесуді аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Жолдас Қарағұлов жүргізді.

Кездесу барысында кәсіпкерлерге заманауи цифрлық мүмкіндіктер кеңінен таныстырылды. Әсіресе Kaspi.kz қосымшасы арқылы сауда жүргізу, төлем қабылдау және тұтынушылармен тиімді байланыс орнатудың жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар франчайзинг, яғни дайын бизнес үлгісі негізінде жұмыс істеудің артықшылықтары мен мүмкіндіктері де кеңінен сөз болды.

Семинар барысында кәсіпкер әйелдер өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, еркін пікір алмасты. Атап айтқанда, ірі кәсіпорындарға сұраныстың артуы жағдайында шағын кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелері көтерілді. Бұл бағытта нақты ұсыныстар айтылып, тиісті түсіндірмелер берілді.

Іс-шара соңында жұмыс тобы «Тәтті Бадамша» кондитерлік дүкені мен «Прогресс» балаларға арналған орталықтың жұмысымен танысып, кәсіп иелеріне алдағы қызметтеріне табыс тіледі.

Кездесуді қорытындылаған кеңес төрайымы кәсіпкерлікті дамыту – ортақ міндет екенін атап өтіп, «Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол қажет» деген тұжырым арқылы кәсіпкерлер тарапынан көтерілген ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерКездесу