КІТАППЕН ҚАНАТТАНҒАН ОЙ МЕН ТӘЖІРИБЕ

23 сәуір – Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай аудандық орталық кітапханада «Кітаппен қанаттанған әлем» атты мазмұнды семинар-тренинг өтті.
Тағылымы терең басқосу кітаптың қоғамдық өмірдегі орны мен маңызын айқындап, кітапхана мамандарының кәсіби ізденісін ұштастырған әсерлі кездесу ретінде ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, кітапханашылардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, тәжірибе алмасуға жағдай жасау және жас ұрпақты рухани білімге жетелеу болды. Осы бағыттағы мазмұнды жұмыстар семинар қатысушыларына тың серпін беріп, өзара пікір алмасуға жол ашты.
Басқосу барысында кітаптың рухани құндылық ретіндегі мәні, кітапханашы мамандығының қоғамдағы жауапкершілігі мен кәсіби рөлі кеңінен қозғалды.
Шараның ашылуында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шапағат Аманжол сөз сөйлеп, кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол сала мамандарының руханиятты дамыту жолындағы еңбегін атап өтіп, кітапхана ұжымына Алғыс хат табыстады.
Жиын барысында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Нұргүл Мысаева да сөз алып, кітапхана қызметінің бүгінгі бағыт-бағдары мен алдағы жоспарлары жөнінде айтып, әріптестеріне шығармашылық табыс тіледі.
Семинар аясында аудандық білім бөлімінің психолог маманы Гүлсім Гусманова «Кітапханашының шығармашылық әлеуетін ынталандырудың тиімді әдісі ретінде арт-терапия» тақырыбында тренинг өткізіп, тәжірибелік тәсілдермен бөлісті. Қатысушылар ұсынылған әдістер арқылы жаңа жұмыс формаларын меңгеріп, кәсіби белсенділікті арттыру жолдарын талқылады.
Сонымен қатар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Анара Байсеупова ұйымдастырған «Кітапханалық ой шабуылы» бөлімі мазмұнды ой-пікір алаңына айналды.
Сондай-ақ, әдіскер Жанат Түлкібаева зияткерлік Quiz ойынын өткізіп, топтық тапсырмалар мен еркін форматтағы пікір алмасу қатысушылардың қызығушылығын арттырып, тәжірибелік тұрғыда қызықты әсер қалдырды.
Осылайша, тағылымы мол кездесу кітапханашылардың кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, кітаптың қоғамдағы орны әрдайым биік екенін тағы бір мәрте айқын көрсеткен мазмұнды шара ретінде есте қалды.
Жұлдыз КЕНЖЕ







